Алматыда алтыншы тегін мұз айдыны ашылды
2017 ж. 19 желтоқсан
1500
0
Алматыда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Бостандық ауданында орналасқан VILLA Boutiques & Restaurants алдында жаппай сырғанауға арналған алтыншы тегін мұз айдыны ашылды.
Бұл сырғанақ алматылықтар мен қала қонақтары үшін екі техникалық үзіліспен (мұзға байланысты) тәулік бойы тегін жұмыс істейді. Бұл осыған дейін салынған мұз айдындарының ішіндегі ең шағыны болып саналады. Сонымен қатар, алаңда конькиді жалға беру және тамақтану орыны қарастырылған. Олар демалыс күндері 11:00-ден 23:00-ге дейін, ал жұмыс күндері 12:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Конькиді 1 сағатқа жалға алу 600 теңге болса, 1 сеансқа (3 сағат) 1 500 теңге. Келушілер өз конькиімен тегін сырғанауға да болады.
«Бүгін біз балаларымызбен келдік. Өзіміз жақын жерде тұрамыз. Тегін сырғанау алаңы ашылып жатқаны әрине бізді қуантады. Ол еліміздегі спортты дамытуға өз септігін тигізеді деген ойдамын. Енді жиі келіп тұруға тырысамыз. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз», - деді Алмаз Үдемташиев есімді ата-ана.
Мұз айдынның ашылу рәсімінде көптеген балалар мен ата-аналар қатысып, олардың көңілін мультсериалдардағы батырлар мен аниматорлар аулады. «Маған бұл жер қатты ұнады. Басқа мұз айдындарында да жиі боламын. Конькиді жақсы теуіп үйренгім келеді. Бұл жердің атмосферасы қызықты болып тұр, аниматорларда жақсы екен», - деп келушілердің бірі Салима Ақылбек.
Естеріңізге сала кетсек, желтоқсанның бірінен бастап осындай тегін мұз айдындары Жібек жолы - Абылай хан көшесінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағының алдында, «Март» сауда орталығы маныңда, Спартак стадионында және Дубок ықшам ауданында ашылған болатын. Жақын арада тегін мұз алаңдары Алатау және Наурызбай аудандарында іске қосылады. Аталған мұз айдындар тек жаппай сырғанауға арналған. Олар қыс мезгілінің соңына дейін жұмыс істейді. Жобаның Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырады.