Ұлт мақтаныштары оқушылармен жүздесті
2017 ж. 23 қараша
1425
0
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» демей ме, қазақта туған жерінен асып, туған елінің туын биік көтеріп жүрген ұлты мақтан тұтар ұл-қыздары баршылық. Олардың қай-қайсысын болсын, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге етуге болады. Сондай ел мақтанышы болып жүрген ел азаматтары жуырда Наурызбай ауданындағы №176 мектеп-гимназиясында болып, оқушыларымен жүздесті.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы С.Берденовтің ұйымдастыруымен өткен бұл кездесуді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Б.Пірәлиев ашып, кездесудің тәрбиелік мәніне тоқталып өтті.
«Діни экстремизмнің алдын алу» мәселесіне арналған басқосуда қазақтың қайсар ұлдары, Қазақстан спорты тарихында өзіндік орны бар чемпиондар Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымовтардың жастарға айтар әңгімелері аз болған жоқ.
Күрестің тарланбозы Жақсылық пен былғары қолғап шебері Ермахан ағалары оқушыларды салт-дәстүрлерімізді сақтауға, жеріміз бен еліміздің тыныштығын қорғауға, салауатты өмір салтын ұстанып, ұлы мұраттарға бет алған еліміздің айбарлы ұл-қызы болып ер жетуге шақырып, еліміздің баянды болашағын құру жастардың қолында екендігін жан-жақтылы айтып жеткізді.
Ж.Үшкемпіров пен Е.Ыбырайымов оқушыларға діни адасушылықтан, өзге діннің шырмауына түсіп қалудан сақ болу төңірегінде де жас балалардың жүрегіне жетер ақыл-кеңестерін айтты. Кездесу барысында оқушылар спорт саңлақтарына өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, естелікке суретке түсіп, чемпион ағаларынан қолтаңба алды. Кеш соңында қонақ кәдемен мектеп ұжымы қонақтарға естелік сыйлық табыс етті.