АЛМАТЫДА «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

  Похожее изображение Оңтүстік астанада «Рухани жаңғыру: әлеуметтік бастамалар және азаматтық сектор жобалары» аталатын жәрмеңке өткізілді. Ауқымды іс-шара аясында үкіметтік емес ұйымдар арасында әлеуметтік жоба байқаулары ұйымдастырылды. Оған отыз алты мекеме өкілдері қатысты. Олар «Алматы-2020» бағдарламасының маңызды бағыттарын негізге алды. Бұлардың ішінде жеті жұмыс үздік деп танылды. – Жобалардың аясы өте кең. Мұнда экологиядан бастап жастардың патриоттық тәрбиесі тақырыбына дейін молынан қамтылған. Жұмысымызды шартты түрде Алматы қаласын дамыту бағытындағы жеті номинацияға бөлдік. Бұлардың бәрі мемлекеттік тапсырысқа қосу үшін тиісті ведомстволарға беріледі, – дейді Алматы қаласының Ақпараттық орталығы қоғамдық қорының директоры Алтынай Көбеева. Іс-шараның негізгі мақсаты – қаланың мақсаттық топтары үшін әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру болып табылады. Аталмыш форум аясында «белсенді азамат» номинациясы бойынша үздік шыққан тұрғындарды марапаттау рәсімі болып өтті, сондай-ақ қалалықтардың қолынан шыққан фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. Айта кетейік, қаланы әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың жеті бағыты бойынша ұсынылған отыз жобаның ішінен жетеуі ең таңдаулы ретінде іріктеліп алынды. – Қала тұрғындары арасында қоғам мүддесін биік қойып, өзі көзге түсуді ешбір қаламайтын аса ізетті, кішіпейіл тұрғындар бар. Біз осындай жандардың еңбегінің лайықты бағалануына назар аударғымыз келді, – дейді мәслихат дептутаты, «Мен – алматылықпын» қоғамдық қорының төрағасы Константин Авершин, – Айталық, Давид Балтабаев деген бала өз ынтасы бойынша ұзақ уақыт қалада қоқыс жинаумен айналысып келген. Меніңше, көпшілікке үлгі болатындай мұндай әрекеттерді ел білуге тиісті. Сол секілді, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Басқармасы кеңсесінің «Атамекен» бағыты бойынша бас менеджер Нұрлан Өтешевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар мегаполистің әрбір тұрғынына ой салып, әлеуметтік белсенділігін арттыруға тиісті, бұл да қоғамдық сананы жаңғыртудың таптырмас құралы. Қ.САҒАТҰЛЫ