Оқушылар академик Өмірзақ Айтбайұлымен кездесті
2017 ж. 21 қараша
1554
0
Жақында Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Медеу ауданы әкімі Е.Жылқыбаевтың «Ұрпақтар сабақтастығы» бастамасымен Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінде «Тілге құрмет – елге құрмет» деп аталатын кездесу кеші өткен еді. Мектеп-лицейінің 8–11-сыныбында оқитын оқушылар сөз зергері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлымен кездесті.
Келелі кездесу жаңаша тұрпатта өтіп, оқушылардың еркін сырласуына мүмкіндік туды. Оқушылар өздерінің көкейлеріндегі сансыз сауалға жауап алды. Дәл қазіргідей жаһандану заманындағы тілдің жәй-күйіне алаңдаушылық білдіретіндіктерін жасырып қала алмады. Бала біткен ең әділ, әрі өз ойларын бүкпесіз жеткізе алады. Сондықтан олар емін-еркін сауал жолдай отырып, қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға да өз ой-пікірлерін білдіріп отырды. Оқушылар Өмірзақ Айтбайұлының «Қазақ тілі мен тәуелсіздік – егіз ұғым» деп келетін тұжырымдамасының мағынасын сұрады. «Бірнеше тілді білу – байлық, өз тіліңді білмеу қорлық» деген екенсіз. Жалпы, өзіңіздің үш тұғырлы тілге көзқарасыңыз қалай? – деген оқушылар тілге қатысты сауал қоя отырып, өздерінің де ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы қызу қолдайтындықтарын білдірген оқушылар бұл істе де өздерінің белсенді екендіктерін көрсетті. Аталмыш шараның өтуіне қазақ тілі пәні бірлестігі қызу атсалысып, оқушылардың қызығушылығын ғана оятып қоймай, олардың өзіндік пікірлерін білдірулеріне де ұйытқы бола білді. Осынау кештің барынша қызықты әрі оқушылар ой түйетіндей болып өтуіне ұлағатты ұстаз ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Гаухар Келденованың еңбегі өте зор болды.
Кешке ұйытқы болған қазақ тілі пәні бірлестігінің жетекшісі Г.Ахмадиеваға, барлық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне кеш қонағы Өмірзақ Айтбайұлы өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, ең құнды дүние бірнеше кітап әкеліп, мектеп кітапханасына табыс етті. Мектеп-лицей басшысы Роза Достанова кештің құрметті қонағына алғысын жеткізіп, 11-сынып оқушысы Жамбыл Дүйсенов өз өлеңін оқыды. Мектеп мұражайын аралаған Өмірзақ Айтбайұлы өзінің ізгі тілегін қолтаңбалар журналына жазып қалдырды.