Алматыдағы Ғылым ордасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірлесіп қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге байланысты «Рухани жаңғыру және жаңа қазақ ұлттық әліпбиі» атты кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Іс-шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төралқа мүшелері, тіл жанашырлары, зиялы қауым, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы жүргізді.
Басқосуда қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге байланысты мәселелер әңгіме арқауына айналды. Алқалы жиын барысында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшелері, облыстық ұйымның басшылары сөз сөйлеп, латын графикасына негізделген жаңа ұлттық әліпбиге көшу үрдісі елдігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді ғұмырлы ететін тарихи маңызды қадам екендігін негіздеді.
Жиынға қатысушылар латын графикалы жаңа қазақ ұлттық әліпбиі – елдің санасын жаңғыртатын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ақыл-ой қазынасына жол ашатын, ойлау жүйеміз бен төлтума рухани қасиеттерімізді айшықтайтын, қазақ тіліне реформа жасауға мүмкіндік беретін, тілдік төл заңдылықтарымыз бен емле-ережелерімізді толыққанды қамтамасыз ететін, рухани-ақпараттық кеңістігіміздің тұтастығын сақтайтын, ұлттық бірегейлену мен бірлігімізді нығайтатын символдық та, құралдық та, әлеуметтік те, экономикалық та пайдасы зор ұлттық жоба деген тұжырымға келді.
Қазақ елі тарихи маңызды кезеңді басынан кешіріп отыр. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – шын мәнінде рухани жаңғырудың бастамасы іспеттес. Бұл халықаралық маңызы бар шара еліміздің барлық жерінде талқыланып жатыр.
Басқосу соңында жиынға қатысушылар арнайы үндеу қабылдады.
08.11.2017