«Ұлт анасы – тіл» атты әдеби-сазды кеш өтті

  Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің «Ұрпақтар сабақтастығы» бастамасы аясында көптеген қызықты кездесулер, танымдық кештер кеңінен өткізіліп келеді. Дәл сондай әдемі де әсерлі кеш қазақы рух тұнған «Думан» ықшамауданында өткен еді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған кездесуді қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі ұйымдастырды. Осынау мектеп үйі жас ұрпаққа білім ғана емес, рухани тәрбие беріп отырғандығымен де ерекшеленеді. Талғат Қазыбаев басшылық ететін №172 мектеп-гимназия шаңырағында өткен «Ұлт анасы – тіл» деп аталатын әдеби-сазды кеш оқушылардың, ықшамаудан тұрғындарының кешінде ұзақ сақталып қалды. Кеш қонағы танымал тұлға, ҚР кино қайраткері, ҚР Кинемотографиясының үздігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры, Райымбек ауданының құрметті азаматы Шаяхмет Имашұлы болды. Күнде жолы түсе бермейтін қонақты мектептің «Мың бала» оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алса, бірінші қабаттағы қазақы үй «иелері» қымыз ұсынып құрмет көрсетті. Осындай әсерлі көріністердің өзі-ақ кеш қонағының сезім пернелерін тербеп, ақынжанды азаматтың шабытын қоздырды. «Бір басына сан ақынды сыйдырған», «Компьютер бас», «Бес жүз өлеңді жатқа айтатын жігіт» деп жұртшылық арасында кеңінен танымал болған нағыз тіл жанашырының айтар әңгімесі де мол болды. Сахналық көріністен соң, төрден орын алған Шаяхмет Имашұлы ағынан жарылды. Нағыз өлеңнің мерекесі болған кездесуде Шаяхмет Имашұлы қазақ өлеңдерінің «антологиясына» айналып кеткендей әсер сыйлады. Қазақ ақындарының өлеңдерін бірінен соң бірін боратқан сайын «о, құдірет, неткен жады, осыншама өлеңді шақшадай басы қалай көтеріп жүр екен» деп таң-тамаша болдық. Ал өзінің өмір жолы, балалық шағы туралы сауал қойылған сәтте кеш қонағы тіпті қанаттанып кетті. «Тау баласы тауға қарап өседі» деп ақын жырлағандай, балалық шақтағы асқақ арманы Алатауға тартып, Алматыдан Мәскеуге жол тартқан сәттерін қызықты еткізіп жеткізген қонақ ағаларының әңгімесін бала біткен қыбыр етпей тыңдап отырды. Өзіне қойылған барлық сауалға шынайы көңілмен жауап беріп отырған Шаяхмет Имашұлының әңгімесі де әсерлі, қызықты болды. Өмірдегі қимас жандар, ұстаздары, жақсы кісілермен кездескен сәттерді тағы да ой елегінен өткізіп, еске алған Шаяхмет ағаның өзі де таза бұлақтан су ішкендей сезімді кешті. Өзінің өмірдегі досы, ұзақ жыл бірге келе жатқан Жұмаш Кенебаймен де оқушыларды таныстырып, қалай танысқан сәтін еске алды. Мектеп оқушылары ән мен күйден шашу шашып, қонақжайлылық пейіл танытты. Жас ақын Мағжан Сүйеш өз арнауын арнады. Өлеңге таласы бар жас ақындардың алғашқы туындыларын оқып, қонақтан бата алды. Кездесу кешінің соңында мектеп-гимназия директоры Талғат Талдыбайұлы келген қонақтарға ризашылығын білдірді.