«Рухани жаңғыруға» қатысты ғылыми конференция өтті

  Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарманың, Бостандық ауданы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында «Рухани жаңғыру: жастар әлеуеті мен бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі Асылы Осман, сондай-ақ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары, Алматы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, студенттер, колледж оқытушылары, мектептер мұғалімдері мен оқушылары, барлығы 300-ден астам адам қатысты. Алдымен қонақтар ҚазИТУ жетістіктер көрмесімен танысып, конференция мәжілісі, секциялар мен «Дөңгелек үстел» жұмыстарындағы жастардың «Менің өлкем», «Тұлға», «Ұлы дала жастары», «Мамандық үздігі-2017» жобаларының тұсаукесерінде болды. Жиында ҚазИТУ ректоры,  профессор Нұрлан Темірбеков  құттықтау сөз сөйлеп, Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма өкілі А.Сариева, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының  мүшесі Э.Кәрібаев өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Одан кейін белгілі тіл жанашыры Асылы Осман апамыз: «Ұлттың жаны, рухының үні, алтын қоймасы – тілі. Жастарға айтарым «Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Біз бәріміз қазақ тілінің құдіреттілігін, әуезділігін, байлығын, шұрайлылығын елге жеткізіп айта білуіміз керек. Қазақ тілі – жүрек, өзге тілдер оған тірек», – деп атап өтті. Конференция ҚазИТУ студенттерінің орындауындағы патриоттық әндермен аяқталды. Пленарлық мәжіліс, секция және «Дөңгелек үстел» жұмыстарында барлығы 50-ден астам баяндама жасалды. 24.11.2017