ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

Картинки по запросу рухани жаңғыру алматы

Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасының шеңберінде Наурызбай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күнінің құрметіне арналған салтанатты шара өтті.

Алматы қаласындағы маңдайалды білім ошағының бірі - №176 мектеп-гимназиясында өткен жиынды Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов ашып:

«Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 26 жыл бұрын ел болып, халық болып ертеңгі күнімізді, атар таңымызды осы Тәуелсіздікпен бекем байлаған едік. Бұл Тәуелсіздік – ең алдымен әр азаматымыздың еркіндігі, мемлекетіміздің тұғыры. Кешегі егемендіктің алғашқы жылдарындағы аумалы заманның қиын-қыспағына қарамай, бұл жылдар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың еңсесін көтеріп, аяғын нық бастырған кез болды. Ал, Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы елімізді рухани серпілтіп, ұлт ретіндегі ерекшеліктерімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, зор жетістіктерге жетуімізге ұйытқы болып келеді» - деп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Наурызбай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан мол үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мереке қарсаңында аудандағы мемлекеттік қызметкерлер, білім және медицина қызметкерлері мен белсенділері, кәсіпкерлер мен коммуналды шаруашылық саласының қызметкерлері аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Жиын барысында Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің күйлері, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің билері көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Қазақ эстрадасының өкілдері шырқаған әндер де көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында ең жоғарғы «Отан» орденінің иегері ҚР халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері жиынға қатысушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін артыра түсті.

qazaquni.kz