Алматыда «Рухани жаңғыру – заман талабы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті

2017 жылдың 21 қарашасы күні «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалының және № 6 мектеп-гимназиясы бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында, мұғалімдермен «Рухани жаңғыру – заман талабы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізілді. Қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында партия мүшесі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Досанова Елбасы мақаласындағы бағдарламалар, міндеттер мен жобалардың өзектілігіне тоқталды. Қоғам да, мемлекет те, азаматтардың ой-санасы да үшінші жаңғыруды бастан өткеріп отырғандығын алға тартты. Елбасымыздың ұлттық кодымызды сақтап қалу жөніндегі тұжырымдарының, «Қазіргі жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет», «Туған жер» бағдарламаларының айрықша маңызға ие екендігін баяндады. Патриоттық тәрбие мен азаматтық белсенділікті, рухани құндылықтарды дамытуға бағытталған бағдарламалар мен Елбасы тұжырымдарының ел болашағы үшін оң әсерін тигізетіндігін жеткізді. Бұдан әрі, Роза Досанова «Қазақстандық қоғамның мәдени өсуі мен рухани-адамгершілік жаңғыруға қол жеткізудің негізгі құралы – қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады.», - деп ойын түйіндеді. Әріптестерін жаңаша ойлап, жақсы мен жаманды саралап, заман талабын жас ұрпаққа түсінікті жағдайда жеткізуде, жастарды рухани тәрбиелеуде табандылық танытуға шақырды. «Дөңгелек үстел» барысында өзара өзекті ой бөліскен ұстаздар Елбасы тапсырмаларын тиянақты орындау, жаңа заманның тарихын қалыптастыратын қайсар да өр, білімді де білікті, жоғары мәдениетке ие, рухани дүниесі бай жастарды тәрбиелеу басты міндеттері, азаматтық парызы екендіктерін жеткізді.