«ЕРКІН СӨЗ» жеңімаздары марапатталды

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ ұйымдастырған «Еркін сөз» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. Алматы қаласында «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастыруымен және «Халық банк» АҚ мен «Қазкоммерцбанк» АҚ демеушілігімен өткен журналистер арасындағы «Еркін сөз» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. «Түркітілдес журналистер қорының" ҚҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйене отырып "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» номинациясын «Астана» телеарнасының тілшісі Еркін Қарин, «Үздік мақала» номинациясын «Айқын» газетінің тілшісі Абай Аймағамбет, «Үздік сайт мақаласы» номинациясын «Тұранинформ» сайтының тілшісі Құрманғали Нұрғалиев, «Үздік шығармашылық топ» номинациясын «Қазақстан» РТРК «Парасат майданы» бағдарламасының ұжымы жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар диплом және қаржылай сыйақымен марапатталды. «Еркін сөз» байқауында белсенділік танытқан және кәсіби шеберліктерімен ерекшеленген журналистер – Құралай Пионер (Atameken business chanel), Таңшолпан Тарғын («Заң» газеті), Рахиля Бекназарқызы (Baq.kz), Гүлбағыш Бостан (Қазақ радиосы), Мақсат Құсайынов («Түркістан» газеті) ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Алматыда өткен марапаттау рәсіміне республикалық және жергілікті БАҚ басшылары, елімізге танымал журналистер мен БҰҰ, UNESCO сияқты халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Қазақ журналистер арасында ұйымдастырылған байқауға қаржылай қолдау көрсеткен «Халық банкі» АҚ өкілі Досбол Арыстанбековтің пікірінше, аталған шара БАҚ өкілдерімен қатар бүкіл қоғам үшін де аса маңызды: «Еркін сөз» байқауы қаржы саласын жетік меңгеруге мүдделі журналистерге берілген үлкен мүмкіндік. Кәсіби білігі мен білімі жоғары журналистер халықтың қаржылық сауатын жақсартуға ықпал етеді».

«Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры президенті Нәзия Жоямерген

«Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастырған байқауға 2017 жылдың 09 қазаны мен 27 қарашасы аралығында жарияланған материалдар қабылданған. Қор президенті Нәзия Жоямергенқызы «Еркін сөз» шығармашылық байқауын жыл сайын өткізу дәстүрге айналатынын жеткізді: «Еркін сөз» шығармашылық байқауын ұйымдастырудағы басты мақсат – қаржы-экономика саласына маманданған қазақ журналистердің кәсіби білігін бағамдау. Түскен материалдарды іріктеу барысында біз қаржы саласы әлі күнге қазақ журналистердің осал тұсу екеніне көз жеткіздік. Осы орайда, демеушілер таба отырып, алдағы уақытта қаржы және экономикалық тақырыпта қазақ журналистерге арналған тегін семинар-тренингтер, шеберлік сабақтары мен арнайы курстар өткізуге шешім қабылдадық. Әлбетте, бұл бір күнде орындалатын шаруа емес. Қаржы мен уақытты талап етеді».

qazaquni.kz