АЛАШТЫ ӘРҚАШАН АРДАҚТАЙМЫЗ!
2017 ж. 10 желтоқсан
3717
0
Тарихтың талай тартымды беттерін жазған, Алаш атты ұлы ұлттың жүріп өткен жолының тағылым алар тұстары көп-ақ. Қилы кезеңдерде соның бәрін өшіруге тырысқан солақай саясат салдарынан біз көптеген құндылықтарымыздан айырылып қала жаздадық. Тәуелсіздіктің арқасында төл тарихымызды қайтарып, рухани жаңғыруға бет алып, ұлттық санамызда оң өзгерістер пайда болды. Сол терең тарихымыздың бір тармағы – сол кездің өзінде жаңа демократиялық бағыт ұстанған Алашорда үкіметінің, Алаш партиясының құрылуы дер едік. Сол даңқты жолды өзіне бағдаршам етіп алған «Ақ жол» партиясы бүгіндері көптеген игі істерге ұйытқы болып келеді. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Т.Перуашевтің өздері ұйымдастырып келе жатқан сондай шаралардың бірі – «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық ғылыми байқауының қорытынды кезеңін ашардағы сөйлеген сөзін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Құрметті жиналған қауым!
Ұлт тарихында алтын әріппен жазылатын, азаттық пен тәуелсіздікті, бірлік пен елдікті мұрат еткен Алаш қозғалысының: Алаш ұлттық-территориялық автономиясының, Алашорда үкіметінің, Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Мұны анықтап тұрған фактор, 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпықазақ съезінде құрылған Ұлттық кеңес болып табылады. Яғни қазақтың алғашқы заманауи үкіметі – Алашорда үкіметі жасақталды. Оның төрағасы болып, демократиялық жолмен, баламалы негізде «Алаш» саяси партиясының көсемі Ә.Бөкейхан сайланды. Ұлт кеңесінің құрамы 25 адам болып бекітілді. Осы құрылтайда Алаш ұлттық-территориялық автономиясының құрылғаны салтанатты түрде жария етілді. Осыдан тура бір ғасыр бұрын болған, осы даңқты оқиғамен – осы даңқты мерейтоймен Сіздердің барлықтарыңызды шын жүректен құттықтауға рұхсат етіңіздер!
ХХ-ғасырдың басында, тіпті дәл айтсақ, 1917 жылдың 13-ші желтоқсанынан – 1920 жылдың 5-наурызына дейін, қазақ даласында автономиялық биліктің жұмыс істеуі – қазақтың ұлт-азаттық қозғалысындағы елеулі кезең. Өйткені, қазақ топырағында тұңғыш толыққанды ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеруге ұмтылыс жасалып, қазақ халқының мемлекеттілікке лайықты ел екені паш етілді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев осыдан бір ай бұрын – қарашаның 10-ында Астанада өткен «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының қатысушыларына жолдаған құттықтауында – Алаш қозғалысының сипатына: «Алаш қозғалысының ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады» деп баға берді. Ендеше, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттық, Тәуелсіздік жолында жандарын құрбан еткен Алаш арыстарының есімдері халық жадында сақталып, артында қалған мұралары туған халқының жүрегіне жете беретін болады.
Менімше, рухани жаңғыру дегенімізге – Алаш қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын, ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу және оны көпшілікке, әсіресе, жас ұрпаққа тарату да кіреді. Біз дәл осы бағытты идеологиямыздың өзегі ретінде алдық. Арнайы бағдарлама қабылдап, оны іске асырып жатырмыз. «Ақ жол» партиясының осы уақытқа дейінгі көтерген мәселелері, түрлі бастамалары өздеріңізге таныс, белгілі. Сондықтан, мен Алаш идеялары туралы әлемдік мінберден айтудың сәті түскен бір ғана жағымды жаңалықпен Сіздермен бөліскім келеді. Жақында, осыдан небәрі бір апта бұрын Қытай астанасы Бейжіңде әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының үлкен Форумы болып өтті. 120 елден 600-ден астам делегат қатысқан дүбірлі жиында мен қазақ тілінде бастап, аудармашы жоқ болғандықтан, ағылшын тілінде баяндама жасадым. Сонда бүкіл әлемнен жиналған бетке ұстар азаматтарға Алаш туралы аз болса да ақпарат берсем жөн болар деп шештім. Алашты Орталық Азияның ішіндегі алғашқы саяси партия және 20-шы ғасырдың алғашқы ұлттық автономиясы ретінде көрсеттім. Форумға қатысушыларды Алаштың 100 жылдығымен құттықтадым. Әлихан Бөкейхан туралы да қысқаша айттым. Дүние жүзінің әр түкпірінен келген саясаткерлер бұл сөзді жақсы қабылдап, қол шапалақтап, қолдады. Жиынның спикері сөзімді аяқтаған кезде Алаш партиясының ерекшелігі туралы нақты сұрақ қойып, тақырыпқа қызығушылық танытты. Ал АҚШ республикалық партиясының өкілі ретінде келген сенатор өз сөзінде «осындай орасан зор ауқымда әлемде алғаш өткен саяси форумда «Алаш» партиясының атының алғаш аталуы, тарихқа енетіні анық» деп мерейімізді тіпті өсірді. Менің мұны айтып отырған себебім, жалпы Алаш идеяларын ел ішінде ғана емес, сыртта да таратудың жолдарын бірлесіп қарастырғанымыз жөн сияқты. Егер біз өзімізді Алаш ұстанымдарын жалғастырушылармыз деп есептесек, онда Алашты ардақтаудың мүмкіндіктерін қай жерде болсын қалт жібермегеніміз абзал.
Біз осыдан 5 жыл бұрын ЕҰУ-нің ғалымдарымен бірлесіп, Алаштың 95 жылдығына арнап, республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізгеннен бастап, Алаш қайраткерлерінің идеяларын насихаттап, көпке тарату бағытын темірқазық етіп алып, Алаш аманатына адалдық таныту жолынан айныған емеспіз. Сол конференцияда жыл сайын өткізіп тұрамыз деп уәде берген «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық ғылыми байқауы биыл 5-ші рет өткізілгелі отыр. Ғылым жолына түскен жастарды қолдауға бағытталған жаңашыл бастама қазірдің өзінде «Ақ жолдың» мегажобасына айналып, өзін ақтады. Бес жылда қаншама жас ғалымның есімі анықталып, ғылыми ортаға танылды. Қазіргі уақытта қоғамымызда «100 жаңа есім» деген жоба басталғанын білесіздер. Сол сияқты «Ақ жол» ашқан 50 есім» дейтіндей тізім қалыптасып үлгеріпті. Бес жылда – 16 жеңімпаз, 34 жүлдегер шығыпты! Оған бүгінгі анықталатын 4 жеңімпаз бен 8 жүлдегерді тағы қосыңыз! Сан сапаға айнала бастады. «Алаштың Ақ жолы» байқауының лауреаты» атанып, төсбелгі алған жеңімпаздардың 3-уі PHD ғылым докторлығын (Алмас Жүнісбаев, Махаббат Қозыбаева, Дулат Ибраев) қорғады. Осының ішінде Алмас Жүнісбаев Мұхтар Әуезов атындағы гуманитарлық ғылым саласындағы жас ғалымдар сыйлығына ие болды. Сондай-ақ диссертациялық жұмыстарын қорғау алдында жүрген 4 докторантымыз (Еркін Рахметуллин, Ұшқын Сейдрахман, Ермұхамед Маралбек, Алма Сайлауқызы) бар. Оның бірі – Еркін Рахметуллин күні кеше ғана Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған Е.Бекмаханов атындағы жас ғалымдардың байқауынан Е.Бекмаханов атындағы сыйлықты алды, аЕрмұхамед Маралбек жас ғалымдарға арналған Президенттік мемлекеттік ғылыми степендияны иеленді. Сонымен қатар, біздің жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында 15 ғылым магистрі бар екен. Солардың арасынан жас әдебиетші, алаштанушы, «Ақ жол» партиясының идеологиялық жұмыстар бөлімінің сарапшысы Елдос Тоқтарбай ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Сөйтіп, «Ақ жол» тұсауын кескен жас ғалымдар ғылым мен әдебиет, мәдениет саласында табыстарға қол жеткізіп, көпке танылуда. Олар қазір еліміздегі маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, түрлі басылымдарда жемісті еңбек етуде.
Қуаныштар легін бізбен осы бес жыл бойы қоян-қолтық жұмыс істеп, көптеген іс-шараларды атқарысып жүрген аға буын өкілдері де жалғастырып отыр. Биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойында филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ал филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов осы Алаштың тарихи жылында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры болып тағайындалды. Біз өзіміздің Алаш жолы табыстырған арқасүйер достарымыздың жетістіктеріне қуаныштымыз. Енді осы тұста бір жағымды миссияны орындаудың реті келіп тұрған сияқты. «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институымен бірлесе отырып, Алаштың 100 жылдығының құрметіне мерекелік естелік медал шығарып едік. Соны осы марапатқа лайық бір топ азаматтарға тапсыруға Зиябек Қабылдинов екеуімізге рұхсат етіңіздер! (30-ға жуық Алаш мұрасын насихаттауда белсенділік көрсетіп жүрген бір топ ғалым, суретші, журналист, ұстаз т.б. мамандық иелеріне «Алаш – 100 жыл мерекелік естелік медалі табыс етілді) Енді, бәріңізді Байқауымыздың финалына өтіп, бас бәйгеден үміткер болып отырғандардың жарысына куә болуға шақырамын. Құрметті «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми байқауының Бесінші финалына қатысушы жас достар, Сіздердің әрқайсыңызға бүгінгі байқауда да, өмірде де сәттілік тілеймін!
Алаш ұлт-азаттық қозғалысының: «Алаш» ұлттық территориялық автономиясының, «Алаш» партиясының және Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы Жалпыұлттық Байқауының» қорытындыларын шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференцияның жұмысын ашық деп жариялаймын!
9 желтоқсан, 2017 жыл,
Астана қаласы
qazaquni.kz