Ұлы дала әскері – мәңгілік ел тірегі

Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында «Ұлы дала әскері – мәңгілік ел тірегі» атты «Patriot CUP» V республикалық пікір-сайыс турнирі өткізілді.

Турнирдің өткізілу мақсаты – бүгінгі Тәуелсіздік дәуірінде озат ойлы, жүрегінде Отанға деген сүйспеншіліктің оты жанған, найзағай намысты, асыл текті жастарымыздың қатарын көбейту.

Елбасымыз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағымдағы жылдың сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл-масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деген болатын.

Қазіргі «Мәңгілік елдің» ерік-жігері мен еңсесі биік, мінезі өткір өрендерінің шабытын ашуда Бас қолбасшымыз Н.Ә.Назарбаев «Елдік пен тәуелсіздіктің киелі көк туын XXI ғасырда асқақтата желбірететін – жастар, сендер боласыңдар!», – деген еді. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Жасұзақов Сәкен Әділханұлы әскери-патриоттық клубтардың санын арттырып, жұмысын жандандыру мәселесіне ерекше мән беруде.

Елбасымыздың сөзін ұран етіп, Қорғаныс министрінің талаптарын жүзеге асыруда еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен курсанттары арасында достық пен патриоттық сезімді арттыру мақсатында өткізілген, жастардың талабын шыңдауға және ықыласын көтеруге бағытталған әскерилендірілген пікір-сайыс турниріне Қазақстанның 6 қаласынан пікір-сайысшылар командалары қатысты. Атап айтсақ, Алматы, Астана, Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларынан келіп, әскери институт базасына жиналған жалпы жастар саны 210-ға жетті. АПФ (Американдық-Парламенттік форматта) пікір сайысуға 54 фракция (команда) тіркелсе, ЛД (Линкольн – Дуглас) форматында 16 адам бақ сынады.

Екі күндік турнир барысында еліміздің озық ойлы пікірсайысшы жастары әскери тақырыптарда ой қозғай отырып, әскери өмір мен әскери техникаға деген көзқарастарын өзгертіп, білімдерін кеңейтті.

Турнир бағдарламасы өте қызғылықты және жан-жақты болды.

9 желтоқсанда пікір-сайысымыздың ашылу салтанатына арналған институтымыздың белсенді жастарынан құралған «Байланыс жастары» квн командасының ұйымдастыруымен ән-күйге толы концерт болды. Кіріспе

бөлігінде сенім-тілектерімен жастарды қанаттандыра білген институт бастығының жалынды сөздерінен кейін «Спорт – денсаулық кепілі» айдары аясында жастарымызға арналған спорттық іс-шаралар өткізілді. Олар белтемірге тартылудан, қол күресуден және тир атудан бақ сынады. Сонымен қатар, өзге турнирлерден ерекшелігіміз – автоматты (АК74) шашып, жинаудан әскерилендірілген сайыс ұйымдастырылды. Турнир барысында төрелік жасаған институтымыздың дебатшы курсанттары өздерінің ұйымдастыру қабілеттерінің арқасында республикалық турнирді өте жоғары деңгейде өткізді.

Желтоқсанның 10-шы жұлдызында пікір-сайысымыз өз мәресіне жетті. Мәреге өз күш-жігерімен, үздік идеясымен жеткен жеңімпаздарымызға марапаттау салтанаты кезінде институт бастығының кубогі және тарихи мәні бар бағалы сыйлықтар табысталды. Дебат тарихындағы тағы бір «Үздік фракция (команда)», «Үздік спикер» мен «Үздік төреші» анықталды.

Еліміздің келешегінің көркеюі, әрине, жастардың қолында, олардың идеясына құлақ асу, ой-пікірімен санасу аға буынның жастарға деген ізеті деп білеміз. Осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы еліміздегі пікір-сайысшылардың қатарын көбейтіп, ұлттық рухты жүректеріне ұялатқан жастарды тәрбиелеу ісіне үн қосу жұмысы біздің қашанда басты нысанамызда болмақ.

Ербол Алибаев,

qazaquni.kz