"Қыз Жібек" Астана жұртшылығының назарына ұсынылмақ

Картинки по запросу қыз жібек опера

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Astana Musical» театры еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен халық композиторларының шығармалары, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-маржандары негізінде дала театрының элементтерін пайдалана отырып «Ұлы Дала театры» атауымен «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін 16-17 желтоқсан Астана жұртшылығының назарына ұсынады. Ұлттық өнерімізді Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл шара халықтың рухани тұрғыдан баюына ықпал етері сөзсіз.

Еуропалықтарды тәнті еткен мюзикл 16-17 желтоқсан күндері Астана қаласында қойылып, Тәуелсіздік мерекесіне орай Елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту болмақ.

Қоюшы-режиссері және жоба авторы – «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Сонымен қатар, қойылым барысында «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.

Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін «Қыз Жібек» қазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Трагедия кейіпкерлері Жібек пен Төлеген әлемге әйгілі Ромео мен Джульеттадай қазақ халқы үшін махаббаттың символы іспеттес. Оқиғалар негізінен жас батыр Төлеген, Қыз Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ... Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер де - бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. – жақсы көрініс тапқан. Жібек бейнесі - сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш. Дала театрының негізінде сахналанған «Ұлы дала театры» этно-фольклерлік мюзиклінен көрермен қазақ халқының ұлттық дәстүрімен етене танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, спектакльде қос ақынның сөз тартысы, ой қақтығысымен қатар суырыпсалмалық қабылетін дәріптейтін қазақтың ұлттық өнері ақындар айтысы орын алған.

Спектакльдің өтетін орны: «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының концерт залында

Салтанат Абулгазиева

qazaquni.kz