МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Президент Н.Назарбаев жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жария етті. Осылайша, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бағытталған айқын мақсат жолындағы қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңыру атты» мақаласын ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемелденуіміздің бағдарламасы деп қабылдаған жөн.

Үшінші жаңғыру мен бағдарламалық мақаланы арасында бір-бірін толықтырып тұрған тығыз байланыс бар. Елбасы жазғандай, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». Сондықтан кемел ойлы Президент еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ел болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы ой-пікірлері мен көзқарастарын ортаға салуды жөн көреді.

Мақаланы көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір жанның оқуы керек. Көз жүгіртіп қана, жылы жауып қоя салуға болмайды. Жан-жүрегімен түйсініп, әлденеше рет қарап шыққан жөн. Өз ұлтын сүйген, елін-жерін аялайтын жан осылай етсе керек! Олай дейтініміз, Елбасы ең алдымен ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың қырлары тұрғысындағы философиялық тұжырымдарын ұсына отырып, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу екенін айтады. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан-қиыстырып, жарыстыра алатын құдіреті мен маңыздылығына тоқталады. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырмасы екенін шегелеп тұрып тұжырымдайды. Бұл дегеніңіз ұлан-байтақ жердің иесі – әр қазақтың жан-дүниесіндегі «Мәңгілік ел» ұғым-түсінігінің де іргетасы, тұғыры болса керек! Сөз орайы келгенде Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында тебіреніспен айтқан төмендегі жолдары кезінде әркімнің-ақ жүрегінен орын алғаны ақиқат еді: «Қадірлі халқым! Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылы Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, елешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымыс идеялық тұғыры!».

Мемлекет басшысы еңбегінің ең басты идеясы - Мәңгілік Қазақ елінің рухани тұғырын негіздеп, алтын арқауын ширата түсу. Міне, бұл жөнінде мақаланың бірінші бөлімінде бәсекеге қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы тақырыпшаларымен берілген Президент жазбалары терең толғамдарымен қалың оқырманды тәнті етеді. Еңбектің екінші бөлімінде Қазақ елінің алдында тұрған таяу жылдардағы міндеттер нақты сараланады.

Президент мақаласы еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстанда» жарияланғаннан кейін газет беттерінде еңбек төңірегінде толғамды ой-пікірлер, үнқатулар үзбей жариялана бастағаны белгілі. Біздің талай жылдардан бергі ғылыми бағытымыз ұлттық идентификация, ұлттық бірегейлік, ұлттық бәсекелестікке қабілеттілік пен ұлттық пара-парлыққа ұмтылыс мәселелері болғандықтан да Елбасы тұжырымдап отырған ұлттық жаңғыру тақырыбының жанымызға қаншалықты жақын екендігі айтпасақ та түсінікті. Оның үстіне Президент жайлы жазылған «Ұлы Дала генераторы» атты кітабымызда бірқатар ұлттық мәселелерді көтеруге тырысқан едік. Елбасы жайлы мақалаларымыз республикалық газет-журналдарда, шетел басылымдарында жарияланып келеді.

Елбасының бағдарламалық мақаласы төңірегінде сөз қозғаған қоғам және мемлекет қайраткерлері, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, министрлер, академиктер, ақын-жазушылар, сан алуан мамандық иелері рухани жаңғырудың сан алуан қырлары хақында толғаныс-тебіреніспен жарыса баяндаумен келеді. Олардың жүрекжарды ой-пікірлері, ұсыныс-тұжырымдары құрметке лайық. КСРО халық артисі,Қазақстан және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақтың тау тұлғаларының

бірі Асанәлі Әшімов мақаланың терең мәніне ой жүгірте отырып, нақты ұстанымен ортаға салады. Ұлттық өнер академиясындағы өзі дәріс беретін қырық студентке мақаланы оқып шығу жөнінде тапсырма бере отырып, алдағы үш күнде бұл еңбек бойынша сынақ қабылдайтынын ескертеді. Міне, бұл дегеніңіз шәкірт тәрбиелеп жүрген әрбір ұстаз тәлім алар рухани тәрбиенің ізгілікті үлгісі болса керек.

«Айқын» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп «Елбасының ұлттық идеясы» деген толғау мақаласында «Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазіргі қазақ қоғамының алдына өте үлкен, айрықша маңызды мәселелерді қойды. Абай өзінің әйгілі «Қарасөзі» арқылы қазақты ХХ ғасырға даярласа, Нұрсұлтан Назарбаев ел-жұртты ХХІ ғасырға даярлаудың жолын нұсқады. Өте қуатты, жасампаздық пен жігерге толы мақала» деп ағынан жарыла келе, «Елбасының мақаласын барша қазақ баласы жата-жастана оқуы, ой тоқуы, бел буып, білек түрініп, жүзеге асыруға жаппай атсалысуы тиіс деп есептеймін» деп жазады.

Президент мақаласындағы білімінің салтанат құруы жөніндегі тұжырымдары ұстаздық жолда жүрген біздің ерік-жігерімізді қайрап, құлшындыра түсті. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек, - дейді Елбасы. – Жастарымыз басымдық беретін мәселелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Қай заманда да оқу-білімнің мәртебесі биік болған. Мұны қазақ ұлылары зерделей білген. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Ыбырай ата «Кел, балалар, оқылық ...» деп Ұлы Даланы қоңыраулатты. Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай халқын білімді болуға үндеп кетті. Осынау ұлылардың арман-аманаты орындалды десек те болады. Қазіргі қазақтың көкірек-көзі ояу, жаппай сауатты елміз. Тәуелсіздік жылдарында білім саласында қыруар жұмыс жасалды. Бір ғана мысал. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда аудан орталығы болып келген шағын шаһарда Түркістан Мемлекеттік университетінің ашылып, оған ұлы ақын және ойшыл, алғашқы түрік ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі бүкіл түркі дүниесінде үлкен құбылыс, тарихи оқиға болды. Арадан бір жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы Келісім бойынша Түркістан Мемлекеттік университеті түркі әлеміндегі тұңғыш Халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесін алды. Қазір бұл білім ордасы Орта Азиядағы іргелі оқу орындарының бірінен саналады.

Президент мақаласында сананың ашықтығы тұрғысында сөз қозғай отырып, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтініне баса назар аударады.

Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру таяу жылдардағы міндеттер аясындағы басты жобалардың біріне айналып отыр. Елбасы мақаласында латыншаға көшудің логикасын алға тарта отырып, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты болып отырғанына көңіл аударады.

Елбасының бағдарламалық еңбегінде қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына айрықша мән берілген. Бұл жас ұрпаққа жаңа сапалық деңгейде білім беруге батыл бетбұрыс жасап, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.

Мемлекет басшысы мақаласында «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасауды тапсырды.

Елбасы «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынына кәміл сене отырып, Қазақ елін мекендейтін әрбір жанның бойындағы туған жерге деген сүйіспеншіліктің Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатынын қадап тұрып айтты. Әрбір қазақстандық өз елінің патриоты болуға міндетті. Патриотизм өз тарихы мен тамырын білумен тікелей байланысты болса керек.

Ұлы Дала көшпенділерінің аса бай рухани тарихы бар. Әрбір халықтың баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндгі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді» деп ежелгі тарихи жәдігерлерімізді тілге тиек ете келе, мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтынын айтады. Президент «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу барысында ішкі және сыртқы мәдени туризмді өркендету мақсатымен осы қастерлі мұраларға сүйене отырып, мәдени маңыздылығы тұрғысынан келгенде Түркістан мен Алтайдың ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар екеніне айрықша мән беруді тапсырды.

Адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Қазақ хандығының астанасы болған ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының Атажұртында басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Кезінде «Дін - апиын» деген қағида ұстанған Кеңес өкіметінің тұсында Ясауи бабамыздың кесенесі де, Түркістан қаласы да «өгейлік» көрді. Кеңестік империя идеологиясы ұлт перзенттеріне байланысты сыңаржақ көзқарас қалыптастырғанымен, халық жадынан тарихи ақиқатты өшіре алған жоқ. Соңғы деректерге сүйенер болсақ, қазақ халқының Түркістанда жерленген хандары мен билерінің, даңқты батырларының жалпы саны 130-дан асып отыр. Олардың 21-і хандар, қилы кезеңдерде таққа отырған ұлт асылдары. Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау мүмкін емес. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді. Бұл жөнінде Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында ағынан жарыла былай деп жазды: «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Йасауи 1093 жылы туған. Ол негізін қалаған исламның тылсым құпиясы – сопылықтың (суфизм) қарапайым халықтық нұсқасы тез уақытта Қазақстанның солтүстігі мен шығысына дейін тарады. Қожа Ахмет Йасауи Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді...

Түркілердің өмірлік, практикалық философиясын құраған салдар ретінде Йасауинамада тәңіршілдік элементтері өздерінің мағынасын сақтап қалды. Нақ осы Йасауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау бұлағында осы ілім тұрды. Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Йасауидің хикметтері («Даналық сөздері») сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруге тиіс. Йасауидің ұстазы Арыстанбабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Йасауидің Түркістандағы кесенесі – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, кейінгі уақытта жалпыұлттық зиярат-қорым (пантеон) қызметін атқарды. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс».

Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру бүгінгі басты міндет болып табылады. Алдағы кезде республика Үкіметі алдына қойылған күрделі мәселелер аз емес. Соның бірі – Түркістан қаласына айрықша мәртебе беру мәселесі. Бұл – жұртшылықтың көптен бері көтеріп келе жатқан сұрауы. Екіншісі – Түркістан мен Кентауға экономикалық аймақ құқығын беру қажеттігі. Түркістанның 1500 жылдық юбилейі қарсаңында осы мәселелердің шешілетініне халықтың сенімі күшті еді. Өкінішке қарай, республиканың ол кезде экономикалық дағдарысты бастан кешіруі бұл проблемаларды жүзеге асыруға мұрша бермеді. Қазіргі кезде Қазақстанның экономикалық қуаты өрлеуге бет алып келеді. Осы жағдайды есепке ала отырып, Түркістан қаласына айрықша мәртебе беру мен Кентауды қосып еркін экономикалық аймақ деп жариялауға мүмкіндік бар. Түркістанды болашақта халықаралық туристік орынға айналдыру үшін жаңадан қонақүйлер, бассейндер, фонтандар салу, жолдарды түзету, аймақты көгалдандыру, орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту, тарихи адамдардың ескерткішін тұрғызу, парктер мен бақтарды көркейту, оның аумағын абаттандыру үшін жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру қажет. Сондай-ақ қасиетті Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының гүлдене түсуіне тиісті министрлік қамқорлық жасап, нақты көмек көрсетіп отырса, іс алға басар еді. Қазір киелі Түркістанда классикалық философиялық, археологиялық, тағы да басқа бағыттарды кең өріс алдыру үлкен маңызға ие екенімен ешкім де дауласа алмайды. Бұған білім ордасының ғалымдары өз үлестерін қосуға дайын. Олай дейтініміз, ғылыми әлеует бар. Бір таң қаларлығы сол, күні бүгінге дейін Ахмет Ясауи терең зерттелмеген, ұлы ғұламаның жеке өмірі, тарихы жөнінде там-тұмдап қана білеміз. Ясауи музейі қажет-ақ. Сондай-ақ осында жерленген хандарға, батырлар мен билерге арналған ашық аспан музейін іске қоссақ, қала мәртебесінің биіктей түсері сөзсіз. Осы орайда мына мәселелерге де баса назар аударсақ нұр үстіне нұр болар еді. «Түркістан – мұражай қала» концепциясын ұсынамыз. Түркістан атырабында ескі шаһарлар тұтасып жатыр. Демек, қазба жұмыстарын кең бағытта жүргізіп, саяхатшылар тамсана тамашалайтындай жағдай туғызу қажет. Ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жаңа сәулет өнерімен үндестіре білсек, қанеки. Осындай игілікті істерді Арыстанбабта, Сығанақ қалашығында, өзге де тарихи мекендерде жүргізер болсақ, бұл туризмнің дамуына негіз болар еді. Осы тұрғыдан келгенде, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстары әкімдерінің ынтымақтаса отырып, іс-қимыл танытуы маңызды. Қазір оның алғышарттары жасалуда. Айталық, университетіміздегі Археология ғылыми-зерттеу институтының Сығанақ археологиялық экспедициясы орындап жатқан «Тарихи-мәдени мұра нысаны – ортағасырлық Сығанақ қаласында археологиялық зерттеулер жүргізу» деген ғылыми жоба маңызға ие. 2013 жылы маусым айында Қызылорда облысының әкімі Сығанақ қаласын арнайы келіп көрді. Жасалып жатқан жұмыстардың маңызына жете мән берген

әкім 2014-2016 жылдарға арналған ғылыми жобаға әр жылға 12 миллион теңге бөліп отыруға уәде берді. Археология институтының ұсынысымен Сығанақ қаласының қорғау аумағы белгіленіп, оны Қызылорда облысының мәслихаты бекітті. Институт «Ортағасырлық Сығанақ қаласы» атты ашық аспан мұражайын ашу жөнінде ұсыныс берді.

Қазақ елі Тәуелсіздігінің ширек ғасырдан астам мерзімі ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген идеясы киелі Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істердің белең алуына басты негіз болды. Қасиетті мекеннің жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде Қазақ елі тәуелсіздігі қарсаңында дүниеге келген Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отыр десек, артық айтқандық емес. Білім ордасы Қазақ елі Тәуелсіздігінің символына, күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді.

Сан ұлтты студенттер арасындағы достық білім ордасының қабырғасында жүргенде мәңгілік нығая түседі. Бүкіл түркі халықтары ынтымағының негізі болып табылатын да солар. Олар өзара қарым-қатынаста жүріп, туыстас халықтардың тарихын, мәдениетін және тілін терең ұғынады. Білім ордасының студенттері өзге студенттерден білім сапасымен ғана емес, сонымен қатар патриоттық рухымен де ерекшеленеді. Университет еліміздің нағыз патриоттарын даярлауда. Өз дәуіріндегі білім мен адамгершіліктің жарық жұлдызы, байсалдылық пен салауаттылықтың, адамдардың ар-ұятының символы болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз атындағы Халықаралық университеттің рухани астанамыз – қасиетті Түркістанда шаңырақ көтеруі жастар жүрегіне әрдайым қасиет нұрын құяды. Кезінде Елбасымыздың халыққа дәстүрлі Жолдауындағы «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» деген тебіреністі сөздерінің жүректерге ұялап, толқытқаны ақиқат. Елбасының идеясымен шаңырақ көтерген білім ордасының студенттерін Мәңгілік ел идеясы нұрландырып, патриоттық сезімдерін алаулата түсуде.

Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласының қорытындысында екі дәуір түйіскен өлара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отырғанына халықтың назарын аудара отырып, «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» дейді. Қасиетті Түркістан халқы мен білім ордасының студенттері Елбасының рухани жаңғыруға бағытталған тебіреністі ой-толғамдары мен тұжырымдарына ден қойған. Елбасының Мәңгілік елдің алтын арқауына айналған бағдарламалық еңбегі уақыт өткен сайын жаңа қырларымен жарқырай түсіп, жасампаз белестерге бастауда!

Сейдулла Садықов,

Қазақ үні