ЕЛ СЕРКЕСІ БОЛАТЫН ЖАСТАР ҚАТАРЫ АЗ ЕМЕС
2017 ж. 08 желтоқсан
1887
0
Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шаһар басшысы Бауыржан Байбектің қатысуымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында «Алматы – жастар қаласы» атты жастар форумы өтті. Алқалы басқосуда үстіміздегі жылы қабылданған «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы–2020» жоспарлы бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар қорытындыланды.
– Биылғы жылды қала шеңберінде «Жастар жылы» деп жарияладық. Мегаполистің белсенді жастары «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы – 2020» жоспарлы бағдарламасын дайындап, тұсауын кесті. Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің әрбір Жолдауында жастарға жауапкершілік артады. Елдің ертеңі жастар деп қарайды. Президентіміздің айтқандай, мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – лайықты тұлға ретінде болашақ патриотты тәрбиелеу болып табылады. Жастар – Қазақстанның болашағы, ел дамуының қозғаушы күші. Мемлекет басшысының саясатының басты мақсаты да жастарға қамқорлық көрсету. Бұл ретте біздің міндетіміз – жастардың өз мүдделері мен әлеуеттерін жүзеге асыруларына жағдай жасау, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Бүгінде арамызда ел серкесі болатын жастар қатары аз емес. Ал бүгінгі күн талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және олардың жүзеге асыруға ерік-жігері жететін адамдардың уақыты. Оның үстіне мемлекет жастар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Бұдан артық қандай бақыт бар.
Алматыда бос уақытын тиімді өткізгісі келетін жастар үшін есігін айқара ашатын орындар жетіп жатыр. Мәдени, рухани демалысты, тіпті бос уақытында спортты жанына серік етемін деген алматылық жастар үшін қалада барлық жағдай жасалған. Алайда, барлық жастар құрылымдарын тиімді үйлестіретін бір ортақ кеңістік, ортақ алаң жоқ болатын. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы–2020» аясында Алматыдағы бұрынғы трамвай депосының орнына жастардың Лофт-орталығы ашылды.
– Лофт-орталық – жастардың басын біріктіріп, оларды ортақ идеяға ұйытып, ел, тіл, діл мүддесін бір арнаға тоғыстырған алаң болды. Мұнда жатақханаларды қадағалау орталығы, қалалық мансап орталығы, пікірталас клубтары, демалыс орталықтары, сырттан келген жастармен жұмыс істейтін және студенттік клубтар мен ұйымдар, волонтерлық корпустар бар, – деді Б.Байбек.
Сонымен қатар, биыл «Алматы жастары» деп аталатын бағдарламамен жастарға баспананы жеңілдетілген жолмен жалға беру шарасы қолға алынды.
Дәлірек айтқанда, «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі арқылы несиелеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Жастардың жас деңгейі 35-ке дейін ұзартылып, бағдарламаның жүзеге асуы үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жыл аяғына дейін 100 жас отбасы баспаналы болмақ.
Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін биыл студенттер мен жас отбасыларға жатақханалар салу жобасы іске асуда. «Жол картасы» аясында 2020 жылға дейін Алматы студенттеріне 12 жатақхана салу жоспарланған. Жоспарланған 12 жатақхананың төртеуінің құрылысы биыл аяқталады.
Жастардың жұмыспен қамтылуына да барынша көңіл бөлініп отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Жастарды қысқа мерзімді кәсіби оқыту» жобасы іске асуда. Мұнда мамандықтың ерекшелігіне байланысты оқыту мерзімі 1 айдан 3 айға дейін созылады. Бұдан өзге, «жастар тәжірибесі» енгізілді. Ағымдағы жылда жастар тәжірибесі бойынша 700-ден 2 мың жасқа дейін квотаны көбейту жоспарлануда. Сондай-ақ, тәжірибе шеңберінде жалақының 38 000-нан 56 000 теңгеге дейін көтерілуі көзделуде.
Жастар форумы аясында «Жастар жалыны» сыйлығының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Бұл ретте «Еріктілер лигасы» ҚҚ-ның төрағасы Әзиз Қажденбек «Жыл волонтері», «RUMІ GROUP» басқарушы серіктесі Қуаныш Шоңбай «Жас кәсіпкер» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. Ал жыл спортшысы Жансая Әбдімәлік «Спорт саңлағы» сыйлығын иеленді. Халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік даму бойынша проректоры Қайыржан Меңдіғалиев үздік «Жас тәлімгер» атанса, Бостандық ауданы ХҚКО-ның құжаттар қабылдау бойынша маманы Ирина Кухарская «Ел қызметшісі» марапатына ие болды. «Мейірімді жүрек» номинациясын «Қайырымды жандар» еріктілер тобын құрушы Айдын Тоқсанбаевқа бұйырды. Жыл белсендісі ретінде «Белсенді жас» сыйлығын «G38» клубының жетекшісі Айсұлу Ерниязова алды. «Шабыт» номинациясы бойынша дизайнер, суретші Кристина Депутатова жеңімпаз атанды. Аян Қалмұрат «Белсенді блогер» атауына ие болса, «Жас Отбасы» сыйлығы «Жастар үні» бірлестігінің басшысы Дәурен Бабамұратовқа берілді.
Мәншүк БЕКБОСЫН
Алматы ақшамы