ЕЛБАСЫ ҚОЙҒАН МІНДЕТТЕР ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің, ұлтымыздың таяу жылдар­дағы қоғамдық-саяси, тарихи, мәдени, рухани салаларының барлығында болашақ даму жоспарын қолмен қойғандай етіп анықтап, айқындап берген бағдарлама. Қайта түлеудің саяси және экономикалық екі үдерісіне байланысты нақты мақсат-міндеттер, басымдықтарды талдап, талқылап, түсіндіріп, тіпті, қалай жүзеге асырудың жолдарына дейін баяндаған. Тәуелсіздік кезеңіндегі атқарылған зор істерге баға беріле келіп, «енді біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басамыз?» деген мәселені күн тәртібіне қояды. Мақаланың өн-бойындағы айтылған мәселелер түйіндей келгенде: ұлттық бастауларды, ұлттық тарихты берік негіз ете отырып, әлемдік бәсекеге төтеп беру үшін, бәсекеде озу үшін жаңа коммуникативтік технологияларды меңгеру, тұтас халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, санасын жаңғырту, жаңа өзгерістерге бейімдеу. Шынайы прагматизмнің жар­қын үлгілерін болашақта көргіміз келсе, экожурналис­тиканың алдындағы міндетті айқын сезінуге болады. Елбасымыз айтқан ұлттық байлығымызды үнемді пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу, табиғатты сақтау, жаһандық, өңірлік экологиялық мәселелер туралы БАҚ-та экологиялық ойлау тұрғысынан толыққанды, сарап­тамалық ақпараттар берілу қажет. Ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне байланысты Елбасы басты екі қырын сипаттаған: ол ұлттық сана-сезімді және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, сипаттарын өзгерту, ұлттық мәдениетті дамыту. Бұл міндетке біз де өз тарапымыздан үлес қосуға тырысамыз. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафед­расында «Жаһандық әлемдегі журналистиканың социомәдени көптүрлілігі: ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері» тақырыбы бойын­ша іргелі ғылыми жоба орындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша ғылыми еңбектер жарық көрді. Сол зерттеулер Елбасының қойған міндеттерімен үндесіп жатыр. Мақалада латын әліпбиіне көшу туралы міндеттер осы процестің негізгі бағыттары көрсетіліп, нақты мезгілдерімен айқындалған. Қазіргі таңда телекоммуни­кациялық, компьютерлік және хабар тарату технологияларының өзара қызметі коммуникациялық ортаны өзгертті. Жаңа медиа-жүйелер пайда болды. Сондықтан, мультимедиялық, сандық, интерактивті коммуникациялар дәуірінде бәсекеге қабілеттілік танытуымыз, студенттердің бойына халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу, шетел тілдерін жетік меңгеру, әртүрлі тілдік платформаларда еркін жұмыс істей білу қабілеттіліктерін арттыруымыз қажет. Жаңа сапалық деңгейде білім беруді көздейтін қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы дәл уақытында қолға алынған әрі аса пайдалы, маңызды идея. Жастардың қандай мамандыққа болсын жедел бейімделуіне, жан-жақты болуына, әсіресе қазақстандық білім берудегі ерекшеліктер, инновациялар игі ықпал етеді деп ойлаймын. Назгүл ШЫҢҒЫСОВА, филология ғылымдарының докторы qazaquni.kz