Сәбит ДОСАНОВ: Рухани жаңғыру - ҰЛТТЫҢ ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕГЕН ҚҰЖАТ

Сансыз жұлдыздарды самсатқан, шексіз аспан әлемі мен қасиетті қара жерді жасаған Алла тағаланың қазақ халқына берген ең үлкен сыйы оның бірі қазынадан да қымбат – Тәуелсіздік. Екіншісі, сол Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында аянбай тер төгіп келе жатқан Елбасымыз. Негізінде, көп дүние халыққа тікелей байланысты. Халық қандай болса, мемлекет те сондай болады. Біздің мемлекет басшысы өзінің көрегендігімен, сарабдал саясатыменен әлемге танымал тұлғалардың біріне айналды. Елбасымыз Тәуелсіз қазақ елін әлем алдында абыройын асқақтату үшін де нық қадамдар жасап келеді. Солардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Ассамблеясының 70-ші сессиясында қазақ тілінде баяндама жасауы қазақ тілінің әлемге танылған күні ретінде біздің еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған күн болды десек артық айтқандық емес. 2017 жыл да ел үшін де, Елбасы үшін де маңызды жыл болғаны анық. Мәселен, дәл осы жылы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі жарқын болашаққа бастаған баянды қадам болғаны сөзсіз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша мән беріп қана қоймай, жаңа кезеңге жол ашты. Ал жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлтымызды ұлықтауға бағыттайтын құнды құжат. Мұның әрбір жолында үлкен салмақ жатыр. Бұл мән-маңызы жоғары мақала елімізді «Мәңгілік елге» айналдыру жолындағы бағдаршам іспетті. Әрбір қазақстандықтың рухын биіктетіп, рухани жаңғыруға бастаған бұл бағдарлама барысында айтылған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының бүгінгі өскелең ұрпаққа берері мол. Өйткені, Президент айтқандай, еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында. Аталмыш жоба аясында, жастар заман талабына жауап бере алатын жаңа сапалық деңгейде білім алуға қол жеткізеді. Оның үстіне әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алу дегеніңіз өте зор мүмкіндік. Елбасымыздың өзі үнемі тілге тиек етіп жүргеніндей, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға апаратын қарышты қадам. Өркениеттің көшіне ілесе білетін өр рухты өскелең ұрпақты тәрбиелеуге таптырмас құрал болмақ. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ауқымы кең. Себебі, ұлттың ұпайын түгендеген бұл құжатта елдің келешегін жарқын етер келелі мәселелер көтерілген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ендігі жерде айқын мақсатпен бір тудың астында бекем бірлігімізді танытып, ілкімді істердің атқарылуына әрбіріміз өз үлесімізді қосуға тиіспіз.