Төрегелді ШАРМАНОВ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕЛЕШЕК КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ

Қазіргі таңда Президент Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы республика көлемінде жан-жақты талқыланып, кең қолдау табуда. Қоғамда үлкен серпіліс туғызған бұл дүниенің жариялануы рухани жағынан әлемдегі ең азат мемлекет екенімізді айғақтай түскендей болды. Мұндағы қос тарауда қозғалған келелі мәселелерге көз тіге отырып, Елбасы атап көрсеткен жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы біз дүниежүзіндегі ең дамыған отыз елдің қатарынан еркін көріне аламыз. Ол үшін, әлбетте, әрбір қазақстандық туған елін түлету үшін тынымсыз еңбек етуі қажет. Бұл мақаладағы айрықша атап өтерлік дүние – латын әліпбиіне көшу мәселесінің қозғалуы. Бұған дейін де, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» дегені белгілі. Иә, латын әліпбиіне көшу – бұрынғы кеңестік жүйе «дәстүрлерінен» біржола арылатын бағалы бастама. Әрі әлем елдерімен тереземізді теңестіретін тиімді тәсіл. Әрі қай салада болсын, жаңа технологияның тілін меңгеруді жеделдететіні анық. ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың қарыштап дамыған дәуірі екені мәлім. Осы көштің басында жүру үшін, әрине, бізге әлем елдері қолданып келе жатқан латын әліпбиіне көшу өз-өзінен сұранып тұрған дүние. Мәселен, медицина саласы латын әліпбиіне өтуді қуана қолдайды. Өйткені медицинада латын алфавиті кеңі­нен қолданылады. Тіпті, оның үлесі – 92 пайыз. Ал орыс тілінің үлесі бір жарым пайыз ғана. Меніңше, Елбасы мақаласындағы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім», т.б. жобалардың қай-қайсысы болсын айрықша жаңашылдыққа бастайтын нақты жоспар ретінде де құнды. Біз нағыз рухани тәуелсіз ел атанғымыз келсе, Мемлекет басшысының осынау өзекті мәселелерді қамтыған, тағылымды тұжырымын іс жүзінде орындауға бел шеше кірісуіміз керек.