«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДА» ҰСТАЗДЫҢ ҮЛЕСІ ЗОР
2017 ж. 23 қараша
1385
0
Биылғы жылы құрылғанына 70 жыл толып отырған Алматы сән және дизайн колледжінің инженер-педагогтары отаншылдық рухты жасөспірімдер бойында қалыптастырудың жолдарын ұжымдық тәрбие, ұжымдық іс-шаралар арқылы қарастырылып, сол шаралардың туған қала өмірімен, тыныс-тірлігімен бітеқайнасуы көзделіп отыр. Білім алушы жастардың өз іс-шараларымен қала өміріне араласып, Алматы қаласының беделді мекемелері өкілдерінің оқу орнына келіп кездесулерге, семинарларға, шеберлік сыныптар мен дәрістерге, конференцияларға қатысу үрдісі жолға қойылған.
Қазіргі қоғамның ортақ дерті саналатын сыбайлас жемқорлыққа, есірткі дертіне шалдығуға қарсы күрес жолдары туралы жақында ғана конференция өткізілді. Осы тақырыптағы колледж өнерпаздарының флеш-мобы да іс-шараның жарқын көрінісі болды. Келген қонақтар арасында «Алматы қалалық кинология қызметінің» қызметкерлері де болды. Олардың қызметтік иттерімен көрсеткен құтқару жаттығулары да студенттер үшін әсерлі болды.
Колледждің 1-курс студенттерінің қатысуымен «Динамо» стадионында патриоттық әндер мен спорттық жарыс түрлерін қамтыған іс-шара өткізіліп, оған жастар атақты спортшылар, қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова қатысып, сөз сөйледі.
– «Отаншалдық – отбасы тәрбиесінен, оқу орны тәлімінен бастау алады» деп өз сөзін бастаған колледж директоры Надежда Яковлева оқу орны туралы кеңінен мәлімет берді. Осылайша «Динамо» аспанында рухты әндер қалықтап, түрлі спорт ойындарының тартысы басталды.
Бұл шара негізінен қала әкімі Бауыржан Байбектің «Қала туризмін жетілдіру – алматылықтардың өз қолында» деген пікірін қолдау мақсатында және студенттердің туған қаламызға деген сүйіспеншілігін жетілдіру мақсатында өткізіліп отыр. Әсіресе, 1-курстықтар үшін 7 автобус жалдап, Тұңғыш Президент саябағына, 28 Панфиловшылар саябағына, Медеу спорт кешеніне саяхат жасалды. Дәл қазір студенттер алтын күздің шуақты күніндегі саяхат туралы қалам тербеп, эсселер жазу үстінде.
«Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі», – дейді Елбасы «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Оқу орны Ұлы Жібек жолы бойындағы Райымбек даңғылында орналасқан. Райымбек батыр мазары да жақын. Колледж ауласында оқу орнының киесіндей болып алып ескерткіш тұр. Ол – кемі үш ғасыр жасаған, алып емен ағашы. Еменді колледж студенттері ерекше қастерлейді, кие тұтады. Олар осынау емен ағашын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізіп, Райымбек батыр есімімен байланыстырғысы келеді. Мәселен, «Райымбек батырдың қара емені» деген мәртебе берілсе дейді. Өйткені, Елбасымыз «Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді… Талай аңыздар мен әңгімелер бар» деді емес пе!?