Жезқазғандықтар нанның бағасы 150 теңгеге көтерілгеніне қарсылық білдірді
2017 ж. 08 желтоқсан
3016
2
Еліміздегі ең қымбат нан Жезқазғанда сатылады. Бағасы – 150 теңге! Тұрғындар осылай деп ашынуда,-деп жазды Еуразия арнасының басты жаңалықтар қызметі.
Алайда, бағаны бақылауы тиіс жергілікті әкімдіктегілер нанның ондай құнын көрмедік деуде. Үкімет те құр бос жүрмей, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалап жүрміз дегенде, депутаттар нан күнін атап өту керек деп бастама көтерді. Жезқазған дүкендеріндегі баға мен күнтізбеге енуі мүмкін жаңа дата туралы журналист ізденіп көрген еді.
Журналистердің келуін жезқазғандықтар асыға күткені байқалады. Айтар базынасы баршылық. Дүкен сөрелерінде нанның бағасы қымбат. 150 теңгеге дейін барады. Арзандауы бар. Бірақ 90 теңгеге алған бөлкенің ішін ауамен толтырғандай болады дейді. Тойымсыз.
«Қарағанды облыспыз ғой, Қарағанды қаласына біз жиі барамыз баламен. Сонда қарап отырсаң, ол жақта нанның бағасы арзан. Ал бізде неге нанның бағасы 100 теңгеден аса. Қымбат!», – дейді қала тұрғыны Гүлшат Жұмағұлова.
Дүкен сатушылары келген бағаның үстіне қосарымыз бар дейді. Оны жасырмайды. Бірақ оларға да ас атасы 140 теңгемен келетін көрінеді.
«Наубайханадан 140 теңгеден келеді. Біз 150 теңгеден сатамыз. Онда жоғары сұрыпты ұн қолданылады. Ешқандай қоспасы жоқ. Сондықтан да ол қымбат», -дейді сатушы.
Жергілікті әкімдіктегілер баға туралы бірінші рет естігендей болды. Бұл салаға жауап бермесе де, шенеунік қымбатшылықтың барына сенбейтінін көрсетіп қалды.
«Қазақстан 100 миллион халықты нанмен қамтамасыз ете алуға қауқары бар ел»,-дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Владислав Косарев.
Еліміздегі 18 млн тұрғынды қойып, 100 млн адамды қамтамасыз ете алады екенбіз. Бірақ қолжетімділігі жезқазғандықтар үшін күрделі мәселе.
Мәжіліс отырысында үкімет басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы мен мәдениет министрлеріне сауал жолдаған комунистер елде нан күнін атап өту керек деп отыр. Осылайша, нан өндірісіне қатысы бар барлық азаматтарды ұлықтау қажет дейді.
«Ас атасы біздің негізгі азығымыз болғандықтан, “нан” күнін белгілеу қажет деп санаймыз. Сала үздіктерін атап, марапаттау қажет. Мысалы Италияда қызанақ күні, Грекияда шарап мейрамы, Германияда сыра күні бар. Осы сияқты біздің басты өнімімізді де ұлықтау керек»,-дейді – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Владислав Косарев
Сауал жолданған министрлердің бірінен бүгін-ақ жауап алдық. Асқар Мырзахметовтың сөзінше, нанға құрмет бір күн емес, күнделікті көрсетілуі керек. Арнайы мейрам тағайындаудың қажеттілігі шамалы дейді. Ал бағаның қымбаттауына байланысты жергілікті әкімдіктер шара қолдануы қажет. Оның тетіктерін ауыл шаруашлығы министрлігі әлдеқашан жіберген көрінеді.
«Біріншіден, Үкімет тұрақты түрде қарап отыр. Оның үстіне мен де өзімнің тарапымнан айына екі рет селектор өткізіп, сол селекторда сол әкімдердің атқарып отырған жұмысын біз де тұрақты түрде қарап отырмыз. Бүгінгі таңда әкімдіктердің осы бағаны ұстап тұруға барлық мүмкіншіліктері бар. Ол да әбден айтылды» – дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Жезқазғандағы тұрақты баға дегені сол 90 мен 150 теңге болып тұрғаны сияқты. Тұрғындар облыстағы ең қымбат баға бізде деп ашынады.
Республиканың өзге өңірлерінен де ондай баға таппадық. Мәселен, Астанада халық көп тұтынатын әлеуметтік нан бағасы 70-75 теңге. Ақтөбеде де сондай. Өскеменде 80 теңгенің айналасында екен.