МҰНАЙ ҰРЛАУ «СӘНГЕ» АЙНАЛЫП БАРАДЫ

Ақтөбедегі айқай-шудан кейін Ұйымдасып мұнай ұрлағандардың тағы бір тобы Оңтүстік Қазақстан облысында қолға түсті. Бұл жолы да құбырды тесіп, қара алтынға қарық болғандарды ұстау үшін арнайы операция жүргізілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция мен прокуратураның біріккен жасағы құрықтау шарасын бір мезетте бес жерде өткізіпті. Миллиардтар айналып жатқан қылмысқа құқық қорғау органдарының шенді өкілдерінің де қатысы болуы мүмкін. Мұнай құбырын тесіп қара алтынды ұрлап келгендерді жарты жылға жуық бақылап, бүгін жаппай ұстаған прокурор, ұлттық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер департаментінің арнайы жасағы мұнайға қырғидай тиген 13 адамды ұстапты. Құқық қорғау органдарының біріккен арнайы операциясы облыстың бес жерінде бір мезетте өткізілді. Прокуратураның мәліметінше, құбыр тесуге арналған құрал-сайманынан бөлек тіпті цис­терна жалғанған жүк көлігі бар қылмыстық топ Созақ, Ордабасы аудандары мен Шымкент аумағынан өтіп жатқан «Павлодар-Шымкент» мұнай құбырынан шикізат ұрлапты. Ал қара алтынды оңай олжалауды жыл басында бастаған. Қылмыстық топтың қаншалықты залал келтіргенін әзірге нақты айту мүмкін емес. Ұрланған мұнайдан бөлек, құбыр мен табиғатқа келген зиян тағы бар. Ал жоғары қысымда тұрған құбырдан өрт шықса, тіпті адам шығыны да болуы мүмкін еді. Ұсталғандардың арасында сол мұнай өтіп жатқан құбырды күзетуі тиіс «КМГ-Секьюрити» компаниясының бірнеше қызметкері бар екен. Ұрланған мұнайды еш қымсын­бастан алып келген асфальт зауытының директоры да жауапқа тартылып жатыр. Жалпы, ұсталған 13 адамның әзірге 5-і қамауға алынып, тергеу жүргізілуде. Үш бап бойынша қылмыстық іс қозғаған арнайы прокуратура енді ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр. Ұзақ уақыт ешқандай үрейсіз қылмыс жасап келген топқа құзырлы мекеме өкілдерінің де қолдау көрсетуі мүмкін деген күдік бар. Сондықтан, қылмыстық топ мүшелерінің саны әлі де артуы ықтимал. qazaquni.kz