Ақылы автотұрақ Алматы көшелерінің 10 пайызын ғана қамтиды
2017 ж. 05 желтоқсан
2376
1
Алматыдағы көліктерге қатысты тағы бір өзекті мәселе – қаладағы автотұрақтардың тапшылығы. Өйткені, әу баста 45–70 мыңдай автокөлікке лайықтап салынған шаһар көшелерінде қазір 600 мыңдай көлік күнделікті жүріп жүр. Одан қалды, шаһарға сырттан кіретін автомобильдер және бар. Осыған байланысты қаладағы көшелер мен аулаларға қалай болса, солай ретсіз қойылған автокөліктер Алматыдағы көлік қозғалысын барынша қиындатып отыр.
Ақылы автотұрақтан қала бюджеті 190 млн. теңгеге дейін өскен
Міне, сол себепті соңғы айларда шаһарда 38 973 құқықбұзушылық тәртіпсіздіктер тіркелсе, соның ішінде 18 193 мыңы жол қозғалысы ережесін бұзғандар екен. Ал ондағы 4683 тәртіп бұзу – көлікті тұраққа дұрыс қоймаудан туындап отыр. Соның нәтижесінде тек соңғы «Автотұрақ» шарасы өткен кезде ғана 452 көлік айыппұл тұрағына қойылған.
Осыған байланысты тек соңғы кезде ғана Алматының орталық көшелерінде ақылы автотұрақтар көптеп ашыла бастады. Мысалы, жақында біздің газетте хабарланғандай, 1 қараша күні қала орталығында бірден 8 ақылы автотұрақ ашылған. Олар Абылай хан даңғылының Қабанбай–Шевчено көш., Жамбыл көшесінің Желтоқсан–Байсейітова көш., Қазыбек би көшесінің Абылай хан–Панфилов көш., Желтоқсан көшесінің Шевченко–Бөгенбай батыр көш., Құрманғазы көшесінің Байтұрсынұлы–Масаншы көшелері аралығында орналасқан.
Қаладағы көшелердің тек 10 пайыздайы ғана ақылы автотұрақтармен қамтылуы нәтижесінде түскен төлемдерден Алматы бюджеті 5 есеге – 38 млн. теңгеден 190 млн. теңгеге дейін өсіпті. Дегенмен, осыған орай кейінгі айларда қала тұрғындары арасында наразылықтар көптеп шыға бастаған. Өйткені, шаһар орталығында ақылы автотұрақтардың көптеп ашылуы салдарынан түрлі кеңсе қызметкерлері өз көліктерін жақын маңдағы тұрғын үйлер аулаларына апарып қоя бастаған. Тіпті, бұл ретте кейбір көлік иелері өз машиналарын арнайы орындарға емес, тіпті, балалар алаңқайлары мен көгалдар (газондар) үстіне қалай болса, солай тастап кететін болған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың ашу-ызасын тудырып, олардың қала әкімдігіне арыз-шағыммен шығуына соқтырып отыр. Әсіресе, тұрғындардың көбі әлеуметтік желілер арқылы өз наразылықтарын білдіре бастаған.
Міне, соған байланысты жақында бұл мәселе Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінде арнайы қаралды. Бұл ретте олар мән-жәйді жан-жақты қарай келіп, тұрғындарға өз аулаларына кіреберіс жерлерге шлагбаумдар орнатуға рұқсат беруге мәжбүр болған. Ал қалалық әкімдік қазір бұл мәселені ресми шешіммен жүзеге асыру жағын ойластыру үстінде.
Келер жылы тағы 10 ақылы тұрақ салынады
Сөзімізді қорыта айтқанда, соңғы жылдары Алматы қаласында ақылы автотұрақтар ашылғалы бері көшелерде кептелістер сейіліп, көліктердің жүруінде оңтайлы жағдайлар қалыптаса бастаған. Оның үстіне қазіргі таңда Сейфуллин, Райымбек, Абай даңғылдары мен Қалдаяқов көшелерінде де жаңадан ақылы тұрақтар салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жаңашылдық Еуразия экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келеді. Бұл ретте Еуропа елдерінде автотұрақ бағасы біздің елдегіден 4 еседей қымбатқа түседі екен. Сондай-ақ, ондағы автотұрақтардағы паркоматтар қатарынан 4 тілде бірдей жұмыс істей беретін көрінеді. Осыған байланысты «Алматыарнайытехпаркинг қызметі» ЖШС директоры Марат Пірінбеков «Өкінішке қарай, бізде паркоматтарды жиі қоюға шет елдегідей мүмкіндіктер бола бермейді. Мысалы, кейбір өркениетті елдерде 120 көлікке 1 паркоматтан келсе, мына тұрған Мәскеуде 90 көлік орнына 1 паркомат орналасқан. Осыған орай, біз кезінде «Көкбазар» аумағында жұмыс бастағанда 30 көлік-орынға бір паркоматтан қойып едік. Ал бүгінде біз қаладағы 55–60 көлік-орнына оңтайлы қызмет көрсету үшін 1 паркоматтан қойып жатырмыз», – дейді.
Ал оларда ақша төлеудің 3 түрі қарастырылған. Алғашқысы – паркамат арқылы болса, ал екіншісінде – мобильдік қосымша немесе СМС жіберу арқылы төлем жасалады. Демек, бұл ретте соңғысының 7757 қосымшасына паркомат немесе көліктің мемлекеттік нөмірін және тұрақта көліктің қанша сағат тұрғанын жазып жіберсе жетіп жатыр. Тек олардың арасына жұлдызша белгі қоюды ұмытпау керек. Бұл жаңа тәсіл жүргізушіге тиімді әрі ыңғайлы болу үшін әдейілеп жасалып отыр. Сөйтіп, ендігі жерде мұндай автотұрақтан түскен қаржы қаланың көлік жүйесін дамыту үшін жұмсалады.
Қысқасы, автотұрақтар әлемнің кез-келген елінде табыс көзі болып саналады. Осы ретте былтыр Алматыда қала қазынасы ақылы автотұрақтың өзінен-ақ қосымша 230 млн. теңгеге толығыпты. Бұл ретте «Алматыарнайытехпаркинг сервис» қызметкерлері жыл басында 10 мың көлікке арналған ақылы тұрақ салуды жоспарлаған екен. Қазір оның 900-і қолданысқа беріліп қойған дейді. Ал қалғаны үстіміздегі жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.