«Үлкен Алматы» ақылы айналма жолын салып беретін инвестор анықталды
2017 ж. 05 желтоқсан
1869
1
Үлкен Алматы айналма жолын салатын консорциум анықталды. Бұл туралы бүгін «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үлкен Алматы айналма жолы құрылысына қатысты соңғы келісімшарт та болады. Төрт компаниядан тұратын жеңімпаз оңтүстіккорейлік-түрік консорциумы анықталды. Ол бюджет қаражатынсыз құрылыс жұмыстарына өз ақшасын салып, пайдалануға береді, одан кейін қаржысын қайтарады», - деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, осы айдан бастап айналма жолдың құрылыс жұмыстарына дайындық жүреді. Ал күн жылына салысымен, яғни 2018 жылдың 1-тоқсанының соңына қарай құрылыс алаңындағы жұмыстар басталады.
«Бұл жол үш жылдан астам уақыт салынады әрі ақылы болады. Бұл балама жол саналады. Ол транзиттік көлік ағынын қалаға кіргізбеу арқылы Алматы жолдарының жүктемесін айтарлықтай төмендететін болады. 60 шақырымнан астам жол бетоннан салынып, бірінші санатты болады, кей жерлері - 6 жолақты», - деді министр.
Қасымбектің дерегінше, жоба құны шамамен 180 млрд теңгені құрайтын болады.
«Жалпы жобаны жүзеге асырмақ кезде тосын жайттар да болды. Байқау өткізілген 2016 жылы теңге бағамы күрт өзгеріске ұшырады. Сондықтан 7 кезеңге созылған келіссөздер өткізілді. 10-нан астам түрлі шетелдік консорциумдар болды. Одан кейін бесеуі қалған еді. Енді міне, барынша үздік шарт ұсынған оңтүстіккорейлік-түрік консорциумы анықталып отыр. Аталған консорциумның Үлкен Алматы айналма жолынан да ауқымды жобаларды салуда тәжірибесі бар», - деді министр.