Инновациялық гранттарға 200-ден астам өтініш келіп түсті 

Бірақ әртүрлі себептерге байланысты оның тек 125-і қорытынды технологиялық сараптамаға жіберілген. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жобалардың басым бөлігі ақпараттық технология, агроөнеркәсіптік кешен, медициналық өнеркәсіп және машина жасау бағытында. Баспасөз мәслихатында ХІІ инновациялық конгресс қорытындыланған болатын. Халықаралық жиын биыл бірінші рет Алматы қаласында өтті және оған 600-ге жуық сарапшы қатысты. Онда технологиялар трансферті, бизнес-инкубациялау және инновациялық қызметті қаржыландыру тетіктері талқыланды.

Тимур Тоқтабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

- Инновациялық гранттан дәмелі 206 өтініштің 14-і тиісті талаптарға сай емес. Ал 34-ін авторлары қайтарып алды. Осындай себептермен технологиялық сараптамаға тек 125 өтініш жіберілді. Оның 36-сы – теріс, ал 15-і оң баға алып үлгерді. Қалған 73 өтініш әлі қарастырылып жатыр.

24.kz