Алматыда «Жастар қауіпсіз қала үшін» атты шара өтті

Алматыда жастар арасында қылмыс 2,5 пайызға кеміген

Алматыда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында «Жастар қауіпсіз қала үшін» атты іс-шара өтті. Достық үйінде бас қосқан аға буын өкілдері мен белсенді жастар шаһардың  қауіпсіздігі туралы пікір алмасты. Бұл орайда мамандар соңғы кезде қалада жастар арасында қылмыс деңгейі азайғанын айтты.

«Нұрлы жол» мен «Жұмыспен қамтау» бағдарламаларының арқасында жастар жұмысқа орналасып, баспаналы болып жатыр. Мысалы, биыл қалада 100 жас отбасы қоныс тойын тойламақ. Десе де дін мәселесі өзекті. Арам пиғылды, радикалды дінді насихаттаушылардың құрығына  буыны бекіп үлгермеген жастар ұшырайтыны жасырын емес. Оған әлеуметтік желілердің де ықпалы бар. «Сондықтан жастардың діни сауатын көтеру маңызды», – дейді мамандар.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

- Алматы қаласында соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша жастар арасында қылмыс саны 2,5 пайызға кеміген болатын. Қараусыз қалған балаларды біз міндетті түрде бірден анықтап, оларды  жасөспірімдердің орталығына орналастырамыз. Бұндай балалар саны 600-ден асып отыр.