Алматыда 30 адам ата-ана құқығынан айырылды - ІІД

Алматыда жыл басынан бері 30 адам ата-ана құқығынан айырылып, 117-сі әкімшілік жазаға тартылды. Бұл туралы Алматы қаласы ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматыдағы Достық үйінде «Жарасым» республикалық жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Жастар қауіпсіз қала үшін» дөңгелек үстел жиынында басты баяндама жасаған Алматы қаласы ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жастар қылмысына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді.

«Мегаполисте қауіпсіздік шаралары қашанда маңызды. Бүгінгі таңда қалада 6000 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Соның ішінде, жастар мен жасөспірімдермен жұмыс істейтін Ювеналды полиция бөлімі бар. Алматыда жасөспірімдер қылмысы бар екені жасырын емес. Алайда, оның жылдан жылға азайып келе жатқанын айту керек. Мысалы, 2017 жылдың 10 айында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың екі есе азайғаны байқалды. Қылмысты негізінен өзге өңірлерден және Алматы облсынынан келетін жастар жасайды», - деді Салтанат Әзірбек.

Ресми өкіл қоғамдағы белсенді жастардың азаматтық позициялары өзге жастарға үлгі екенін алайда, кейбір кезде ата-аналардың тәрбие мәселесінде салғырттық танытатыны алаңдататынын жеткізді.

«Біз азаматық қоғамдағы жастарды көргенде қуанамыз. Қоғам қауіпсіздігіне ат салысып жүрген жас алматылықтардың  еңбегін де атап өту керек. Бала отбасында қалыптасатыны белгілі. Кейбір алдыңғы буын өкілдерінің осы ұғымды еске алмайтыны өкінішті. Отбасында бағусыз өскен баланың болашағы бұлыңғыр. Жастардың қылмысқа әуес болуы негізінен отбасында дұрыс тәрбие берілмегеннен болады. Жыл басынан 117 ата-ана баласын қадағаламаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Нақтырақ айтқанда, олардың балалары түнде көшеде жүріп, ішімдік ішкен. 30 ата-ана ата-ана құқығынан айырылды. Сондықтан, қаланың белсенді жастары қашанда үлгі», - дейді Салтанат Әзірбек.