Алматыда теракті жасауға үгіттеген қылмыстық топ ұсталды

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті лаңкестікті насихаттап, адамдарды террорлық акті жасауға үгіттеген қылмыстық топты  ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«27 қараша күні Алматы қалалық ІІД сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде тіркелген қылмыстық іс аясында бір топ адамды қолға түсірді. Оларға қатысты ҚР ҚК 256-бабының 1-бөлігі (лаңкестікті насихаттау, террорлық акті жасауға үгіттеу) бойынша қылмыстық іс қозғалған», - делінген хабарламада.

Нақтырақ айтқанда, А.Жұмағұлованы, О. Омырова мен К.Әбішеваны тұтқынға алу бұлтарпау шарасы қабылданды. Тергеу нұсқасында аталған адамдардың тіркелмеген қоғамдық ұйым атынан Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті бұзуға әрекет етпек болғаны көрсетілген. Атап айтқанда, аталған топ халықтың үрейін алып, құқық қорғау органдары қызметіне зиян келтірмек болған. Қылмыстық пиғылдарын жүзеге асыру үшін олар үгіт-насихат материалдарын әзірлеген. Сонымен қатар, қарулы жиһадқа шақыратын бейне үндеу жазған.

Анонимді бейнеүндеуде олар беттерін бүркемелей отырып, Қазақстанда тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының  символдары мен қару-жарақты пайдаланып, халықты жаппай заңға қайшы әрекет жасауға, идеяларына қолдау танытуға шақырған. Қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі бейнеүндеудегі қару-жарақтардың кімге тиесілі екені анықталып жатқанын айтты.

«Аталған ролик, электронды тасымалдағыштар және діни әдебиеттер ұсталғандардың тұрғылықты жерін тергеу кезінде тәркіленіп, тергеу материалдарына қосылды. Материалдар бойынша қажетті сараптама тағайындалды», - деді ІІД-ден.

Сонымен қатар, күдіктілер өз қатарын толықтыру мақсатында жақтастарын  іздеп, оларды «қақпанға» түсіру әрекеттерін қол алған. Сондай-ақ олар заң қармағына ілініп қалмас үшін бірқатар жасырын жоспар жасаған. Нақтырақ айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді қорқытып, үркіту үшін анонимді телефон соғуды, оларды және отбасыларын жазалайтыны туралы айтылған бейнероликтерді жолдауды жоспарлаған. Тергеу амалдары барысында  аталған топқа Қазақстанда сот әділдігінен қашып жүргендер тапсырма берген болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылуда.

«Қазіргі уақытта Жұмағұлова, Омырова, Әбішева Алматы қалалық ІІД тергеу абақтысында қамауда. Қылмыстық топтың өзге де қатысушыларына қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде. Істің мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген таратылған хабарламада.

ІІД-нің баспасөз қызметі тергеу амалдарына байланысты іске қатысты толық ақпараттар әзірге жарияланбайтынын жеткізді.