Алматыда денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы тағайындалды
2017 ж. 28 қараша
2199
2
Бүгін қала медицина қауымдастығымен өткен жиын барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Серікбол Мусиновты таныстырды.
Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында Алматы әкімі денсаулық сақтау басқармасының 2016-2017 жылдары аралығында атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы айтты, денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткен. Мысалы, балалар өлімі 2,5 есе төмендеген, туберкулёз сырқатына шалдыққандарды амбулаториялық емдеу 2 есе өскен. Бұл осы сырқтаттан қаза болғандар қатарын 36%-ға азайтқан. Қала тұрғындары арасында тыныс алу органдары кеселінен, жарақат алудан, жұқпалы аурулардан қаза болу көрсеткіші төмендеген.
«Екі жыл ішінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Денсаулық сақтау саласының 7 объектісі іске қосылды: 2016 жылы 3 нысан, 2017 жылы 4 объекті пайдалануға берілді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында №36 қалалық емхана жеке инвестордың қаржысы есебінен толық іске қосылды. 2017 жылы денсаулық сақтаудың 9 жаңа объектісінің құрылысы басталды. Қалаға қосылған елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтуға айрықша назар аударылуда», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
2016-2017 жылдары медицина ұйымдарын жабдықтандыруға 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Келісілген ақы төлеуді енгізу барысында өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлердің жалақысы 19%-ға, орта медицина қызметкерінің айлығы 9%-ға өсті.
Алматы әкімі басқарманың жаңа басшысының алдына принципті және жүйелі істі талап ететін бірқатар міндеттерді қойды.
«Тұрғындардың медициналық қызметке риза болуы- денсаулық сақтау басқармасы жұмысының басты көрсеткіші және негізгі критерийі», - деді қала әкімі басқарманың жаңа басшысына.
Жұмыс барысында нақтылы мәселелерге жіті назар аударған жөн, олар ана өлімін азайту, қан айналымы жүйесі сырқатына шалдыққандарды дұрыс емдеу, басқа да бағдарламалар индикаторларын жүзеге асыру. МЖӘ механизмін барынша жетілдіріп, тұрғындарды дәрілермен үздіксіз қамтамасыз ету, дәрігер кадрларының жетіспеушілігін шешу де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қаланың медицина саласын цифрлы жүйеге көшіру концепциясын жасаған жөн, ота блоктарына заманауи технологияларды, соның ішінде «Emergency Room» жүйесін енгізу ісін жалғастыру қажет.
Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы еңбек жолын 1980 жылы Аягөз аудандық ауруханасында дәрігер-интерн болып бастаған. Түрлі жылдары Семей облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау Мектебінің директоры, Астана қаласы фармацевтік бақылау басқармасының бастығы, стратегиялық даму департаментінің директоры, ҚР Ұлттық биотехнологиялық орталығының бас директоры, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары, осы минситріліктің дәрі- дәрмектерді, медициналық бағыттағы өнімдер мен медициналық техниканы сараптау жөніндегі Ұлттық орталығының бас директоры, М.Айқымбаев атындағы карантин және зоонозды жұқпалы аурулар Қазақ ғылыми орталығының директоры болған және басқа да қызметтерді атқарған.