МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ МЕКТЕП ПАРТАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
2017 ж. 24 қараша
2379
0

Кейбір айтқыштардың сөзіне сенсек, адамның болашақта кім болатындығы оның тағдыр жазуымен қатар пешенесіне жазылатын көрінеді. Өз кәсібіне шексіз берілген адамдарға қарасақ, солай шығар деуге болады. Бірақ арамызда әр кәсіптің тізгінін бір ұстап, берекелі жұмыс істей алмайтындар да кездеседі емес пе, сонда олардың пешенесіне қай мамандық иесі болатындықтары жазылмағаны ма деген де ойға қаласың.
Қалай десек те, мамандық әр адамның өмір-тіршілігінің негізі, отбасының нәсібі, бақ-дәулеті, ырысы екендігі даусыз. Ал сол дәулетке адаспай қол жеткізу үшін мамандықты ерте кезден, демек, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шын жүректен таңдап, соған қарай бейімделіп, сол мамандыққа қажетті пәндерді жетік меңгеру міндетті болса керек. Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығы жуырда тағы бір жаңа бастаманы қолға алып, мектеп оқушыларына мамандықты дұрыс таңдауға қажетті бағыт-бағдар беруге бағытталған іс-шараларды қолға алды. Жастарға кәсіптік бағдар беруді қолға алған орталықтың жауапты мамандары кәсіптік бағдар беру бөлімінің жетекшісі Керімқұл Жекетаев пен жетекші маман Еркеш Жақыпова жақында Бостандық ауданындағы №22 мектеп-гимназияның жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Оқушыларды еркін сұхбатқа шақыра отырып, орталық қызметкерлері оқушылардың 15 пайызының ғана «кім болам?» деген сауалға нақты жауап бере алатындығына, ал қалған 85 пайызының әлі өз болашағына қажетті мамандық таңдауға тоқталмағандарына көз жеткізді.
– Он алты-он жетіге келіп қалған жасөспірімнің әлі күнге дейін кім болатындығын болжай алмауы ойландыратын мәселе, – дейді осы кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған қалалық Жұмыспен қамту орталығының кәсіптік бағдар беру бөлімінің жетекшісі Керімқұл Жәкетаев.
Кездесу барысында орталық мамандары оқушыларға мамандық таңдаудың маңыздылығын, қазіргі уақыттағы сұранысқа ие мамандық түрлері туралы айтып, оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Оқушыларға мамандық таңдауға нақты бағыт беретін 30 сұрақ жазылған сауалнама таратылып, оқушылар «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жазды. Оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын орталық қызметкерлері жаңа оқу жылының аяғына дейін қаламыздағы барлық мектептерде өткізуді жоспарлап отыр.
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ, Алматы ақшамы