"Бұл біздің ішкі мәселеміз": Қытай елшісі қысым көріп жатқан қазақтарға қатысты мәлімдеме жасады
2017 ж. 05 қараша
4007
9
Қытайдағы қазақ азаматтарының саяси қысым көріп жатқаны туралы түрлі ақпарат тарап жатыр. "Abai.kz" ақпараттық порталы бұл мәселеде бірнеше дүркін материал жариялап, туған-туыстары Қытайда қамалған азаматтардың жанайқайын жазды.
Мәселе Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің құлағына жетіп, өткен аптада СІМнің Алматыда өкілдігі Қытайда ұсталған азаматтардың туыстарын жинаған болатын. Қытайдың Қазақстандағы елшісі де пікір білдіріпті.
Чжан Ханьхуэйдің айтуынша, Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданының тұрғындарына қатысты қатаң шаралар тек қазақ диаспорасына емес, сондай-ақ, басқа да ұлттың өкілдеріне қатысты қолданылып келген.
Сонымен қатар, Чжан Ханьхуэй мемлекеттің осы өңірге қаржылай көмек көрсетіп жатқанын айтып өтті.
"ҚХР ешқашан да кемсітушілік саясатын жүргізбеген және жүргізбейді", - деді Чжан Ханьхуэй.
"Біз КХР-дағы қазақтардың, нақтырақ айтсақ, Ұйғыр автономиялық округіндегі Синцзянда шекара асып, сапарға шығарда ресми құжат алуда қиындықтарға тап болып жатқанын анықтадық, КХР-да мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндердің төлқұжат алуында белгілі бір қиындықтарға тап болып жатқанын білдік. Бұл мәселелерді біз мұқият тексеріп жатырмыз, сараптаудамыз, сондай-ақ, мәселені қытайлық әріптестерімізбен талқылап жатырмыз. Біздің СІМ-ге ресми тәртіппен түскен өтінішті назарсыз қалдырмаймыз", - деген еді осыған дейін ҚР СІМ министрі.
Сонымен қатар, Елші мырза бұл Қытайдың ішкі мәселесі екенін де айтқан.
«Егер мәселе Қытайдың құжаты бар азаматтары туралы болса, бұл Қытайдың ішкі мәселесі» деді Елші.
Айта кетейік, Астанада «Заманауи Қытай: сұрақтар мен жауаптар» атты съез өтті. Онда этникалық қазақтардың жағдайы туралы сұрақ қойылды.
«Қытай өзінің сыртқы саясатын жүргізгенде гегемонизм жолымен жүрмейді және басқа елдің ішкі жағдайына араласпайды. Біздің мақсатымыз бір. Ол – адам заттың ортақ тағдыры қоғамдастығын құру» деді Қытайдың ресми өкілі.
Abai.kz