Берік Дүйсенбинов, депутат: Парламентке ақша табайын деп келген жоқпын
2017 ж. 26 қазан
2946
7
- Берік мырза, сізбен сұхбатымызды депутаттың жұмыс күні қайтіп өтеді, бір күндік жұмыс кестесі қалай құрылады деген сауалдардың төңірегінде өрбітсек деймін. Келісесіз бе?
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты: - Әрине, келісемін және бірден сөздің ашығына көшейін: БАҚ өкілдері, журналистер, мына сіздер, қоғамдық ортада депутаттардың жағымсыз образын қалыптастырғансыздар. Сіздердің залдан шығып келе жатқан депутаттан бір-екі минуттық алған сұхбаттарыңызбен депутаттың жұмысы бітпейді. Оның жұмыс топтарында істейтін жұмысы көбіне көрінбей қалады. Мысалы, біз осы қазан айының жиырма бесі күні таныстырылатын әкімшілік құқықбұзушылық Кодексін әзірлеудеміз. Ал, ол туралы «кім, немен, қалай айналысып жатыр деп» БАҚ өкілдерінің бірде бірі бізден сұраған емес. Ал, біз оған күндіз-түні дайындалудамыз. Елдің ойынша біз, депутаттар, есінеп қойып үйелеп үйде жатқан жалқаулармыз, ал біз жұмыстамыз. Біздің комитет түнгі тоғыз-онға дейін жұмыс істейді.
- Жөн екен. Әйтсе де, нақтырақ айтыңызшы, депутат бір күнде не істейді? Оның бір күндік жұмыс кестесі қалай жасалады?
Берік Дүйсенбинов , Мәжіліс депутаты: - Депутат таңертең ерте жұмысқа келгеннен кешкі тоғыз-онға дейін жұмыстан бас алмайды. Депутаттың бір күндік жұмыс кестесі сол күнгі жұмыстың ауқымына байланысты. Мысалы, бүгін күмәнді он екі сұрақ туындап тұр. Сол сұрақтың төңірегінде, міне, комитет жұмыс істеп жатыр.
- Берік мырза, сіз әріптестеріңіздің жұмысы көп, ертеден кешке дейін жұмыстан бас көтере алмайды деп отырсыз. Алайда, көп депутаттарымыздың пленарлық отырыстардан бастап, басқа да жиындарда қарасы көрінбейді ғой. Бір кездері сол көрінбейтін депутаттардың аты-жөндерін жариялап, «іздеу» салғанымыз да есімізде. Ал, енді олар жайында не дейсіз?
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты: - Енді... (кідіріс жасады). Нақты бір депутат туралы сұрасаңыз... мен айтар едім сізге. Сондықтан мен тек өзім туралы ғана айтқаным дұрыс шығар. Өз басым бала күнімнен еңбекке араласып өстім. Әкем қойшы болған. Алты жасымнан бастап әкемнің қасына еріп жүріп, жұмыс істедім. Мысалы, баспасөз кешелі бері тағы да депутаттардың наурыз айында көтерілген жалақысын даулап жатыр. Баяғыда он екі баланы әке-шешеміз жетпіс соммен асырағанда ешкім сұраған жоқ еді, қалай өмір сүріп отырсыңдар деп. Сол кезден бастап мен нәпақамды адал еңбекпен табуға тырысқанмын. Қазір – депутатпын. Басқаларады білмеймін, мен өз ісіме барынша жауапкершілікпен қараймын. Қай қашанда білдірілген сенімді ақтауға тырысамын. Кейбіреулер айтып жатады: бір депутат ештеңе өзгерте алмайды. Заң қалай қабылдануы керек болса, бәрібір солай болады деп. Мен осыған қарсы уәж ретінде бір мысал айтайын. Мына Шығыс Қазақстанда екі көрші ауыл бар. Бірі Екатериновка деген немістер тұратын ауыл, енді бірі Жанұзақ деген қазақ ауылы. Сол Екатериновка ауылының көшелері тап-таза, жол салынған, көшелерінде шам жанып тұрады, құдығы дұрыс, адамдары тоқ, малы семіз. Неге десеңіз, ол ауылдың тұрғындары кішкентай бір мәселе туындай қалса, билікке барып, шағымданып, тұрғындардың барлығы бірауыздан қажетті дүниесін талап етеді. Бұрын солай істейтін, қазір де сол. Сосын билік ол ауылдың барлық мәселесін шешіп беріп отыратын. Ал, қазақ ауылы «ауруын жасырған өледі» демекші, қандай проблема болса да, бәрі бір ештеңе өзгермейді деп отыра беретін. Мына жерде де солай. Мүмкіндікті пайдаланып, қолдан келгенше тырысу керек. Ол бір глобальный мәселелерді шешу емес. Кез келген заңдағы бір норманы дұрыс жұмыс істейтіндей ғып жазып берсек, сол біздің ортақ игілікке қосқан үлесіміз болып табылады. Бізден шығып жатқан заң халыққа қолайлы, түсінікті болуы керек қой. Ал, енді халықтың көзіне көріну-көрінбеу ол әркімнің жеке шаруасы.
- Жұмысымыз көп деп қалдыңыз. Сондықтан болар, «шаршаған» әріптестеріңіз денсаулығына «зиян» келіп, жалақыларының аздығын айтып шағымданып жатыр...
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты: - Қазақта «бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дейтін сөз бар. Шыны керек, біздің жастық шағымыз, мамандық таңдап, оқу оқыған кездер - қиын бір кезеңге тап келді. Сол қиындықты да кешіп өттік. Сондықтан бүгін депутат болдым екен деп, «еркелей» беруге болмайды. Бәрі уақытша: өле өлгенінше ешкім депутат болып жүре алмайды, көптің кебін киесің ... Өз басым депутаттың жалақысын тағы да көтеру керек деген ойдан аулақпын.
- Сіздің қазіргі еңбекақыңыз қанша?
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты: - Жеті жүз мың теңге шамасында.
- Білуімізше, бұл ең төменгі көрсеткіш. Миллионнан артық жалақысы бар депутаттар жетерлік қой. Осы депутаттардың жалақысын қалай есептейді?
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты: - Мен депуататтыққа дейін мемлекеттен ақша алған адам емеспін. Мемлекеттік қызметте істемедім. Депутаттардың еңбекақысы мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне байланысты болса керек. Ол жағын нақтылап сұрамаппын. Парламентке ақша таба қояйын деп келген жоқпын. Сондықтан, ол мәселе мен үшін соншалықты маңызды дей алмаймын.
- Ақпарат құралдарындағы таратылып жатқан мәліметтерді негізге алсақ, мемлекет қазынасынан бөлінген 33 млрд.теңгенің 23 пайызы депутаттардың еңбекақысын көтеруге жұмсалатын көрінеді. Бұл қаражатты өзге әлеуметтік маңызы зор салаларға, мәселен, білім беру, денсаулық сақтау, т.б. бөлген дұрыс шығар... Қалай ойлайсыз?
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты: - Жылдың басында наурыз айында көтерілген жалақы туралы ғой әңгіме. Депуатттарды бір-бірден ұстап алып, журналистер тергеп, қаншаға көтерілді еңбекақыңыз деп алқымнан ала сұрақтар қойып, бір «аласапыран» болған. Бұл жерде тек депутаттардың жалақысы көтерілді деп даурығу дұрыс емес. Салыстармалы түрде алсақ, депутаттың жалақысы «Самұрық-Қазынаның» ортаңқол бір басқарушысының жарты айлығына да жетпейді.
- Берік мырза, мына солтүтстіктегі көршіміз Ресейдегі мүғалімдердің төменгі жалақысы - 40 мың рубль екен, яғни бұл бізше, 230 мың теңгені құрайды. Ал, біздегі мұғалімдердің айлығы шайлығына жетпейді. Еңбек жолын жаңа бастаған тәрбиешінің жалақысы 40 мың теңге шамасында. Тәрбиешінің көмекшісі 30 мың теңге алады дегендей... Бұған не айтасыз?
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты: - Иә, бұл мәселе мені қатты толғандырады. Жалпы өзін қазақпын дейтін әр азаматты ойлантуы тиіс бұл жайт. Елдің білім беру саласын, ғылым жүйесін осындай деңгейге түсіріп қою – бұл дұрыс емес. Күнде бір шу шығады білім сапасы төмен деген. Білім саласында талмай қызмет етіп келе жатқан жандарға түбегейлі жағдай тудыру керек алдымен. Мысалы, отыз мың теңге жалақы үшін ауылға кім барады жұмыс істеуге?.. Ал, ауылда маман тапшы, әсіресе білім беру саласында. Бұндай мәселелерді мен депутат ретінде үнемі назарда ұстаймын.
- Пікіріңізді ашық білдіріп сұхбат бергеніңізге рахмет.
P.S. Қазақстанда 1 наурыздан бастап Парламент депутаттарының жалақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілді. Қазір олардың жалақысы орта есеппен айына 700- 800 мың теңге. Бүгінгі бағаммен есептегенде бұл — 2400 доллар шамасында. ТМД елдерінің ішінде депутаттардың жалақысынан көш бастайтындар: Ресей, Қазақстан, Грузия және Украина. Олар сәйкесінше: 6852, 2445, 1520, 1500 АҚШ долларына тең жалақы алады.
Сұхбаттасқан Зарина Әділбек
Abai.kz