Министр елімізде қанша атеист бар екенін атап берді
2017 ж. 18 қыркүйек
2792
3
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діни бірлестіктермен бірге еңсеретін сын-қатерлерді атап айтты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
“Мемлекет діни бірлестіктерді өзінің әріптесі санай ма, әлде қауіп-қатерлердің шығу көзі ретінде көре ме?” деген сұрақ бізге жиі қойылады. Біз оларға қоғамның рухани мәселелерін шешуде сенімді әріптесіміз ретінде арқа сүйенетінімізді нақты айта аламыз. Бірақ бұған бірнеше шарт бар. Бірінші, дін — әрбір адамның жеке ісі, ол саясиланбауы және заңдарды ауыстырмауы керек. Екінші, дін рухани құндылықтарға баса назар аударып, басқа ұстанымдағыларды айыптауға, кінәлауға жол бермеуі керек. Президент “Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру” мақаласында зайырлылық дәстүрлері Қазақстанның ертеден келе жатқан мұрасы екенін атап өтті. Бұның негізінде төзімділік, бейбітшілік және барлық діндарлар мен діншіл еместердің құқықтарын құрметтеу жатыр”, — деді Ермекбаев мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.
Оның айтуынша, адамдар зайырлы демократиялық мемлекет жетістіктерінің орнына орта ғасырлық тәртіп пен аласапыран келуі мүмкін деп алаңдайды. Бұндай процестер бірқатар елде бар.
“Бұл жағдайды қысқаша айтсақ, егер біз бүгін зайырлы дәстүрлерімізді жоғалтсақ, азаматтарымыздың үміт отын жоғалтамыз. Бұл ретте, зайырлылық атеизм емес екенін де түсінген маңызды”, — деді ол.
Министр өз баяндамасында бүгінде діни бірлестіктермен бірге еңсеретін бірқатар сын-қатерге тоқталды.
“Біріншіден, соңғы жылдары азаматтар діншілдігінің жылдам өсуі діни мәдениеттің дұрыс қалыптасуынан және діни догмаларды сыни қабылдаудан озып кетті. Кейбір діншіл адамдар діни қағидаларды сөзбе-сөз, бұлжытпай орындауды заңдар мен зайырлылық ғибраттарынан жоғары қойып отыр. Бұл отбасындағы, сондай-ақ жалпы мемлекеттік сын-қатерлердің, шиеленістердің шығу көзі. Екіншіден, біздің діни аудиториямызға сыртқы теріс әсерлер күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері ықпал етуде. Интернет, әлеуметтік желілер және басқа да коммуникациялық құралдар тұрғындар санасына жаппай идеологиялық әсер етуге мүмкіндік береді”, — дейді Ермекбаев.
Бүгінгі таңда ел азаматтарының шамамен 10 пайызы өздерін атеист немесе агностик деп санайды екен. Халықтың 75 пайызы өздерін құдайға сенушілер қатарына жатқызады, бірақ діни жоралғыларды тұрақты ұстанбайды. Ал діндарлардың 16 пайызға жуығы барлық діни жоралғыларды ұстанады.
“Бірақ діншілдік деңгейінің өсуі радикалды идеологияға ықпал етуге көп мүмкіндік береді. Қандай ағым мен конфессияда болмасын, ол тіпті дәстүрлі ханафи мазхабы немесе сопылық жолын ұстанушылардың да, кейбір христиандық ағымдар мен иудаизм тараптарынан болса да, діни фанатизм қауіп-қатерін төндіруі мүмкін. Мәселе, тек діни сауатсыздықта емес, діни білім тиісті тәрбие мен саяси сауаттылықпен байланыста болуы керек”, — деп атап өтті министр.