Қазақстан халқы Ассамблеясы: Латын әліпбиіне көшу - біздің ортақ міндетіміз
2017 ж. 16 қыркүйек
2551
11
Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі Қазақстаның әрбір азаматына қатысты және еліміздің XXI ғасырдағы дамуының, оның экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыруының жаңа кезеңін ашады.
Жалпыұлттық талқылау шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның Кеңесінің, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Достық үйлерінің, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сараптамалық топтардың өкілдері және ҚХА кафедраларының, қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңестерінің, бұқаралық ақпарат құралдары мен жастар ұйымдарының өкілдері Жаңа әліпбиді талқылау мен қолдаудың бірыңғай республикалық күнін өткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихи қадам – мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуін іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсау жөнінде тастүйін шешімге бекігенін білдіреді.
Біз бәріміз де өзіміздің тәуелсіз таңдауымыздың тек біздің жалпыұлттық мүдделерімізбен – татулық пен келісім, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және сана ашықтығы мүдделерімен байланысты екенін анық түсінеміз.
Бұл – объективті қажеттіліктен туындаған уақыт талабы.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жалпыұлттық біріктіру факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін одан әрі биіктете түсетініне, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтатынына, ұлттық кодымызды сақтауды қамтамасыз ететініне нық сенімдіміз.
Латын графикасын енгізу еліміздегі көп тілділіктің дамуына жағдай жасайды, Қазақстанның әлемдік экономика мен коммуникацияларға, ғылым мен мәдениетке интеграциялануы үшін, экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіру үшін, қоғам өмірінің барлық салаларын цифрландыру принципінде үшінші жаңғырту жүргізу үшін ұзақ мерзімді әсер бере алады.
Бұл инвесторлар үшін, шетелдік туристер үшін және Қазақстанға қызығушылық танытқандардың барлығы үшін біздің елімізді қолжетімді де тартымды ете түседі, заманауи қазақстандық мәдениетті жаһанда ілгерілету үшін жаңа перспективалар ашады. Шетелде тұратын отандастарымыз үшін ана тілі мен жазуды дамытудың, тарихи отанымен жақындасудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады.
Латын әліпбиін енгізу – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің «отыздығына» енуіне бағытталған, жаңғырту реформаларына толығымен сай келетін және олардың ажырамас бөлігі болып табылатын прагматикалық сындарлы қадам болып табылады.
Біз еліміздің барлық азаматтарын мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиін талқылау және қабылдау бойынша жұмысты қолдауға, қуатты да өркендеген Қазақстанды құруымыз үшін Мемлекет басшысының осы бастамасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге шақырамыз!
Латын әліпбиіне көшу - біздің ортақ міндетіміз!
ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы
Астана қаласы, 2017 жылғы 15 қыркүйек
Қазақ үні