ТАРАЗДАҒЫ ТӨБЕЛЕС ТОҚТАР ЕМЕС

  Қорғастың жемқорлары құрықталып, надан ел заманақыр болады деген қауесетке дүрлікті. Алматыда бұршақ жауып, дауыл соғып, бір жігіт қаза боп жатқанда, Тараз қаласында да қазақтың бір баласы оқушылар арасындағы өрескел жанжалдан аурухананың жан сақтау бөлімінен бірақ шықты. Мектеп оқушылары арасын­дағы қақтығыс қаланың қақ орта­сында тапа-тал түсте орын алған. Қазақтың баласы бір-біріне тас атып, бөтелке жұмса­ған төбелес №144 орта мектеп пен №8 гимназияның оқу­шы­лары арасында орын алған. Екі тараптың әрқайсысынан 7-8 оқушы төбелеске қатысып бір-бірімен «есеп айырыспақ» болған екен. Әлде бір «батыр» сынған бөтелкенің әйнегімен тама­ғы­нан осып жібергенінен қауіпті жара­қат алып қансыраған 15 жасар Бақдәулет Қайшығұлов ауруха­наның жан сақтау бөліміне түскен. Баланың қазіргі жағдайы өте ауыр. Жамбыл облыстық ІІД қо­ғамдық қауіпсіздік басқарма­сының жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлімінің бастығы Асқар Қисаев бұл төбелестің мән-жайы туралы Жомарт Молдахметұлына берген сұхбатында: – Бастапқыда сөзбен басталған тәжікелесудің соңы жұдырықтасуға ұласқаны анықталды. Оқиға Тараз қаласындағы №8 мектеп-гимназияның аумағында болған. Оқушылардың төбелесіп жатқанын байқап қалған мектеп инспекторы мен күзет бөлімінің қызметкерлері оларды дереу ажыратты. Алайда арада біраз уақыт өткен соң қайта кездескен олар төбелесті жалғастырған. Оқушылар бірін бірі таспен ұрып, тіпті бөтелкенің сынықтарын да құрал ретінде пайдаланған. Бей-берекет лақты­рылған шиша сынығы №8 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысының тамағын жырып кеткені. Сөйтіп, ол оқушы дереу ауруханаға жөнелтілген. Күдіктілер уақытша қамау абақтысына жабылды. Осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 257-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, – деді. Аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, «батыр» оқушылар тәрбиелеп жатқан екі мектептің де директорлары қызметтерінен кетті. Ал қала әкімі мен білім бөлімінің басшыларына обылыс әкімі тарапынан қатаң сөгіс жарияланды. Бірақ мұнымен төбелес тоқтар-тоқтамасын кім білсін? Ал, облыс әкімі Қанат Бозымбаев ендігі жерде төбелес бола қалса, «бұдан былай қатаң жаза қолданатын» айтты. Бірақ, қандай қатаң жаза екенін айтқан жоқ. Ал, облыстық ішкі істер департаментінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылы облыста жасөспірімдер қолымен жасалған 186 қылмыс тіркелсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 5,1 пайызға өсе түскен. Бір өкініштісі, жалпы, кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған қылмыстың 91-і (48,9 пайызын) оқушылар қолымен істелген. Қылмыстық оқиғалардың 116-сы Тараз қаласында, 70 қылмыс аудандарда орын алған. Балалар жасаған қылмыстың қатарында ұрлық жасаушылар ең көп тіркелген болса, қарақшылық шабуыл жасау, денеге ауыр жарақат салу, қаруды заңсыз сақтау сынды қылмыстарға барғандар да көп. Ең сорақасы, олардың арасында 3 кісі өлтіру, 3 зорлық жасау сынды ең ауыр қылмыс түрлері де кездесіп отыр. Тараздағы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың осылайша үдеп тұрғаны туралы Парламент мінбесінен де айтылды. Тіпті сорақысы, былтырғы Елбасымен болған тікелей эфир кезінде көтерілген болатын. Неге екенін қайдам, бұл іс Елбасының құлағына жетсе де тізгінделмей тұр. Жыл басынан бері қалада мектеп оқушыларының қатысуымен 8 ірі қылмыстық оқиға тіркелген. Соның ішінде тағы да төбелестен екі жасөспірім қайтыс болған. Осы істерге байланысты облыс прокуроры мен ішкі істер департаментінің басшылары да ауысқан еді. Бірақ, қанша жерден «шара қолданылса» да бәрі бір Тараздағы төбелес тоқтар емес. Айта кетер тағы бір жайт, бұл салада тек қана Тараз қаласы көзге түсіп келе жатқаны болмаса, жоғары сыныптағылардың төменгі сыныптарға салатын «салығы» салдарынан болатын мұндай «төбелестер» Республиканың бар­лық мектептерінде өз әлінше орын алатыны жасыруға болмайтын ақиқат. Бұл жүйенің төркіні тереңнен басталғаны сондай халықтың да, оқушының да әлде қашан еті үйренген. «Кеңестен» қалған сарқыншақ екенін еске алғанда кешегі қызылдардың қазақты татуластырмау үшін арамызға ірткі салуды мектептен бастаған болса керек деген ой туады. Сол жүйе күні бүгін мектеп оқушыларынан тартып, университет қабырғасына дейін жалғасып келе жатыр. Әлімжеттілік пен «салықтың» салдарынан әлденеше оқушы көз жұмып, қаншама студент зардап шеккенін есептеген ешікім жоқ. Бұл іс тек облыс, аудан директорлары мен прокурорларды алмастырып қолданған «шарасынан» тоқтайтын түрі жоқ. Бүкіл Республика болып ат салысып, мектептер мен университет қабырғаларындағы жүйені өзгертіп,жастар мен жасөспірімдер арасындағы қақтығысты жоюға тырыспасақ, оқушыларымыз бі­лім­нің емес, білектің бәсекесін қоймайтын түрі бар. Оразбек САПАРХАН