Менің өкпем неге қара қазандай болды?

0
1217

Біз ірі болмасақ –
тірі болмаймыз!

Ырысбекжан, сенің «Қазақ әде­бие­тінің» биылғы 19-са­нындағы «Маған өкпе­леңізші!..» деген мақалаңды оқып, ойға қалдым. Біріншіден, танымайтын-білмейтін сендей ініме өкпелеп отырғаным, өзің айтқандай өзімсінген адамына ғана өкпелейтін қазақы табиғатымнан ғой. Екіншіден, саңылауы бар (67-жасында тұңғыш немересі мен туғанда шемен боп қатып қалған көкірегі жібіп, ертегідегідей сүт шыққан, сол киелі емшегін мен екінші сыныпқа дейін емген кемпір шешемнің балаларға ең қатты ұрысқаны «өй, саңылаусыз!» болушы еді…) адамға сәуле түсіретін мұндай мақаланы сен неге баяғыдан бері жазбағансың?!..
Ал, енді қалжыңды қойып, салмақты сөзге көшетін болсақ, менің де әрбір қазақ секілді өкпелейтін адамым толып жатыр. Бірақ, мен өкпелемеуге тырысамын. Неге? Себебі, мектепке бармай тұрған кезімде үйге жылап келген маған әкемнің «біріншіден, бұдан былай даладағыны үйге айтып келуші болма, екіншіден, адам баласы не нәрсеге ұшыраса да алдымен өзінен көруі тиіс!» деген сөзі күні бүгінге дейін құлағымда сайрап тұр. Есейе келе:
«Жақсылық көрсем – өзімнен!
Жамандық көрсем – өзімнен!
Өзгеден болды дегенді,
Шығарамын сөзімнен! – деген, оқымаса да тоқығаны мол менің данышпан әкемнің айтқанын өлмес өлең түрінде берген, жай ғана өлең емес, өлең-қағида, өлең-ұстаным, өлең-ұран дәрежесіне көтеріп берген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзін оқыдым. Сол себепті, мен ең алдымен өзімді кінәлі санағандықтан ешкімге өкпелемеймін. Рас, кейде менікі жүз пайыз дұрыс болатын да сәттер кездеседі. Бәрібір. «Ол адамның ойының бар жеткен жері сол ғой, немесе бәрін біліп тұрып, солай істеп отыр, демек, ойы емес, бұл жолы парасат-пайымының жеткен жері сол болып тұр, ендеше өкпелеуге негіз мүлдем жоқ» деп өзімді тоқтатамын.
Дегенмен, солай бола тұра менің жоғарыда айтқандай өкпелейтін кездерім болады. Бірақ, «өкпешіл» атанбас үшін білдірмеймін, білдірмеуге тырысамын. Оның орнына басқа бір жолмен есебін тауып, ол досымды сары майдан қыл суырғандай етіп «жазалаймын». Сол кезде ол не үшін менің неге олай еткенімді іштей сезінеді, сезінеді де, ешқандай сұрақ қоймайды, екеуміз бір-бірімізді айтпай ұғынысамыз. Ең бастысы – досым сабақ алады.
Қазір жұрт білмегенге «өкпе» айтудан қалған. Соның бірі – мына мен.
Сенің мақалаң, менің айтқандарым бір ғана нәрсені – біздің майдаланып бара жатқанымызды білдіреді. Мен «Жас қазақ үні» газетіне редактор болып келген күні ұлы Ахаңның «Біз тірі болуымыз керек. Тірі болу үшін – ірі болуымыз керек!» деген сөзін ұран етіп жазып қойдым. Мұндай сөз миллиондар ішінен тек қана Ахаңдар секілді кемеңгердің ғана ойына келеді. Біз айтып отырған өкпенің өзі қайдан туады? Майдалықтан, ұсақтықтан туады. Салт-дәстүрден бас тарту – барып тұрған майдалық! Жалқыны, өз басыңдағы оқиғаны айтқан болып жалпыны айтып отырған сенің де ойың сол. Біз неге ірі емеспіз? Ірі болмасақ, ірі болуға тырыспасақ, Франция, Германия секілді әлемдегі ең ірі елдердің өзі іргесін қымтап жатқан мына жаһандану заманында Ахаң айтқандай тірі қалмауымыз оп-оңай. Тіпті тілден екіге, діннен жетпіс екіге бөлініп, іштей іріп-шіріп, ұлттық идеясы жоқ, ол болмаған соң идеологиясы мүлдем жоқ, беталды жүзген желкенсіз қайық болғандықтан күн санап құзға қарай құлдырап келе жатырмыз ба деп қатты қорқамын.
Қорқатыным – ұлт зиялыларының өкімет істеуге тиіс, бірақ өзіне ғана белгілі себептермен істемей отырған қазақтың ұлттық идеясын бірігіп, бірін-бірі атарға оғы жоқ болса да осы ұлы мақсат жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолға алудың орнына бірін-бірі мүйіздеуден аса алмауы. Енді сол азаматтарға өкпелейтін орным бар ма, жоқ па? Қазақтың атын әлемге әйгілеген, 75 жасқа келіп отырған Олжас Сүлейменовке бір ауыз сөз арнауды артық көрген, есесіне қазақтың арасына әлсін-әлсін от тастап тұрмаса ішкен асы бойына сіңбейтін «Дат» (ескі атымен атай берейін) газетінің өткен аптадағы 18-санында белгілі бір жазушы: «…Шаханов – қоғамға қас бала» деп қойып қалыпты. Ауыз өзімдікі деп жазушының сөз саптасына салғанда осылайша «оттауға» бола ма екен? Жарайды, «қоғамға қас» екен дейік, мойынбұлтартпас дәлелдері кәні? Маған да былтыр, алдыңғы жылдары «пәленше – қазақтың жауы, түгенше – биліктің тыңшысы» деген мақалаларын «Жас қазақ үні» газетінде баспайсың» деп өзінше өкпелеген ағаларым болған. «Жарайды, тыңшы екеніне дәлел құжат беріңіз, қосып басамын». («Датқа» дәлелдің қажеті жоқ болса керек…). «Немене, сен маған сенбейсің бе? Баса бер, кейін беремін». Міне, әңгіменің түрі. Жалпы, бар жазығы – «Тілім! Елім!» деп Жалайырға жар салғандығы болып тұрған Мұхаңды Біршімбайша бір шаншып өту қазақ тілді қазақ зиялысына сәнге айналып бара жатқан сияқты. Д.Әшімбаев секілді орыс тілді мутанттар мен мәңгүрттерге «өкпелеуіміз» олардың қасында ойыншық болып қалды. Асқар Сүлейменов «кей адамның шынайы бағасы жауының көптігімен өлшенеді» деп еді, тағы бір «досыңыздың» табылғаны құтты болсын, Мұхтар аға!

Қазақты түгел әкелу деген мәселені төтесінен қоймаса, ондай Құрылтай кімге керек?

Дегенмен, менің өзімнен кейінгі ең қатты өкпелейтін адамым қоғам қайраткерлері емес, – билік өкілдері. Себебі, ауыл әкімі сол ауылдағы елдің әкесі де өзі, шешесі де өзі. Аудан әкімі – аудандағы, облыс әкімі – облыстағы. Елдің Президенті – республикадағы. Тіпті, одан да жоғары. Өйткені, әке мен шешенің қолынан көп нәрсе келмеуі мүмкін, ал Елбасының қолынан бәрі келеді. Ендеше, менің де, сіздердің де, бәріміздің әке менен шешеге өкпелеуге хақымыз бар ма, жоқ па?..
Және менің билікке деген өкпем жалғыз ғана мәселеге – қазақтың көші-қонына тіреледі. Өйткені, қалған мәселенің бәрінде уақыт бізге жәрдемші, ойлағанымыздың барлығы ертелі-кеш орындалады десек, көші-қонда тұп-тура керісінше. Тарыдай шашыраған қазақ мекендеген елдің бәрі де кәзір жеделдете қытайландыру, орыстандыру, өзбектендіру саясатын жүргізіп жатыр. Және олардың бұл ісі сол елдің тұрғысынан алғанда жүз пайыз дұрыс та. Ешкімнің оларға «сен неге бұлай етесің?» деуге хақысы жоқ. Әр мемлекет өзін құрушы байырғы ұлттың қамын ең алдымен ойлауға міндетті. Біз де барлық мәселеге ең алдымен қазақ ұлтының тұрғысынан қарауымыз қажет. Жалпы, бүгінгі таңда біздің мемлекет үшін сыртта жүрген 5 млн. қазақты көшіріп әкелуден асқан маңызды мәселе жоқ және болуы да мүмкін емес. Оның солай болуына бірнеше негіз бар.
Біріншіден, уақыт факторы – күн санап сырттағы қазақтың бейқазаққа (қазақ емеске) айналуы күшейе береді..
Екіншіден, оралмандармен бірге бізга ауадай қажет жұмыс қолы, мамандар келеді. Дайын болмаса оларды жарты жыл, бір жылда дайындау айтып ауыз ауыртуға тұрмайды.
Үшіншіден, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дәрежесін көтеру, оған деген қажеттілік тудыру сияқты бүгінгі таңда алға басқан аяғымызды кейін тартып тұрған аса маңызды мәселенің шешуі әлдеқайда жеңілденеді.
Төртіншіден, демографиялық қауіпсіздік, мемлекеттің басты қауіпсіздігінің бірі өз шешімін табады.
Бесіншіден, оралмандармен бірге бізге қаймағы бұзылмаған ұлттық өнер, шұрайлы тіл, қазақы салт-дәстүр қайта оралады.
Бірақ… Сөз жүзінде бәрі тамаша, сырттағы бауырларын ата жұртына жинап жатқан әлемдегі үш-ақ елдің біріміз деп күпінгенде күпіміз жыртылып кете жаздайды. Ал, іс жүзінде сол Германия, Израиль мемлекеттері жасап отырған жағдайдың оннан бірін де бауырларымызға жасап отырғанымыз жоқ. «Көш тоқтауға айналды!» деп дабыл қаққанымызға қанша болды. Нәтижені бәріміз көріп отырмыз… Жиырма жылдан бері оралмандар мәселесін ірілендіріп, өз алдына министрлік құрып, оның басшылығына сол оралмандардың бірін қояйық деген сайын мәселе майдаланып, Бальзактың былғарысы секілді кішірейіп барады. Бүгінгі заманның ең басты парадоксы да осы.
Таң қалмасқа, парадокс демеске амал жоқ – он бес республикасының бірі болып тұрғанда 1960-жылдардың басында Қытайдан өткен жүз мыңдаған қандастарымыздың, Мәскеудің рұқсатымен болсын, бір аптада басына баспана, алдына мал салынып, екі қолына бір жұмыс тапсырылғаны белгілі. Бала да болсақ учаскелік милиционердің солардың үйіне келіп құжат беріп жүргені есімізде («шекарада беру керек екен, үлгермепті үкімет» дегенді еститінбіз). Тіпті, солармен бірге келіп қалған Барат есімді ұйғыр палау пісіре алатын өнерінің арқасында аулымыздағы ең қадырлы адамның біріне айналған-тұғын… Төлқұжат пен баспана секілді адам баласы үшін ең қажетті, ең қарапайым құндылықтармен қамтамасыз ете алмай, бауырларымызды айлап-жылдап сандалтып қоятынымыз қай сасқанымыз? Тәуелсіз ел болғанымызға жиырма жыл толғанда осы қарапайым құндылықтың оралман көзінен бұл-бұл ұшқаны, арманға айналғаны қалай? Осы сұрақты Құрылтайда елдің Президентіне сауал етіп қояр бір пенде табылды ма екен?..
Тіпті бастарына қоржын там мен он саулық, екі сиырдан, есігінің алдына он сотық (дұрысы жиырма сотық болар еді) жер берейікші, олар бізден жұмыс та талап етпейді! Оралманның бәрі тесік өкпе. Шетте жүрген адамның үлесі бұл. Олар жерді қалай өңдеуді де, малды қалай бағуды да бізден жақсы біледі. Тек олармен әңгіме ашық та адал болуы тиіс. Жоғарыда айтылған жағдайды жасау керек-тағы, олардың алдына бір ғана талап қою қажет: «Сендер алғашқы бес жыл бойы солтүстіктегі (Павлодар, Қостанай, Солт.Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе) бес облысқа орналасасыңдар, ешқайда жылжымайсыңдар!» Бес жылдан соң қусаң да кетпейді…
Астанада өткен Құрылтайда, біздіңше, әңгіме осы бағытта өрбуі тиіс еді. Құрылтай демекші, мен бұл бір шешуші басқосу болады ғой деген ойда едім. Сөйтсем, оның тағы да бір жағымпаздар жиынына айналған түрі бар. Өткен Құрылтай дәл сол сипатта өткені көпке аян. Құрылтайдың бір күнін футбол ойынына арнаймыз деген не сұмдық? Сонда бес жылдан бері бас қосқанда талқыға салар мәселе таусылып, доп теуіп қайту үшін жиналып жатыр ма жұрт?
Қазақ көші-қонын шешем деген шынайы ниет, ыстық ықылас болса, оны іске асырудың жолы толып жатыр. Мен былтыр жазда он күн бойына солтүстіктегі бес облысты аралап қайттым. Сонда оймақтай-оймақтай көлі, ойдым-ойдым орманы, белуардан келетін көкмайсасы, түгін тартсаң майы шығатын қап-қара құнарлы топырағы бар өлкенің ауылдары әлі күнге дейін ішкі миграцияға ұшырап отыр. Неге? Совхоздар тарағалы жұрттың бәрі жұмыс іздеп, облыс пен аудан орталықтарын сағалауда. Олар кеткен соң мектептен бала кеткен. Бала саны азайған соң мектептер жабылып жатыр. Мектеп жабылған соң қалған отбасылар амалсыз олар да көшуге мәжбүр. Осындай, орысша айтқанда «заколдованный круг» пайда болған. Сол ауылдардың тұрғындары «Үкімет ең болмаса бізге оралмандарды көшіріп әкелсе екен, сонда мектебіміз жабылмас еді, біз де балаларымыздың соңынан облыс, аудан орталығына көшпес едік» деп отыр…
Үкімет осыны біле ме? Білгенде қандай! Білмесе ол Үкімет болудан қалады ғой. Білгендіктен де ондай 800-ден астам ауылды ертерек «бесперспективный» деген санатқа көшіріп, «болашағы жоқ» деп елдімекендер тізімінен өшіріп тастауға құмар. Сталиннің ұстанымы ғой, «есть человек – есть проблема, нет человека – нет проблемы» дейтін. Біз оны күшейтіп, бейбіт заманда «ауыл жоқ па – проблема да жоқ» дегенге келтіріп отырмыз.
…Франция президенті Шарль де Голль Алжирге өз қолымен тәуелсіздік бергеннен кейін сол елде қалған 6 млн. қандасын көшіріп әкелу үшін арнайы құзырлы министрлік құрып, ол министрлік (оның басшысы Премер-министрдің бірінші орынбасары да болып есептелген) бар болғаны екі жарым жыл ішінде 6 млн. адамды Францияға әкеліп баспанамен де, жұмыспен де қамтамасыз еткен болатын. Бұл сонау Еуропа елдерін «студенттер бунты» шарпыған 1968 жылдар еді. Біз де осылай етпесек, құрылтайға бірі-бірімізді мақтап, мадақтау, одан қала берді доп теуіп қайту үшін жиналып, басқа уақытта біріміз еңіреп жылап мұң-зарымызды айтып, екіншілеріміз оны есінеп отырып тыңдап тағы бір жиырма, тіпті он жыл өткізсек сырттағы ағайынды аттың басындай алтын берем десең көшіріп әкеле алмайтын халге жетеміз. Неге? Ол кезге дейін олардың жаны, болмысы, рухы, бәрі-бәрі өзбек, орыс, қытай болып кетеді. Өзбекке, қытайға, орысқа қазақ мемлекеті не үшін керек? Керек емес…
Біз бұл Құрылтайда «5 млн.қазақты – 5 жылда!» деген нақты Бағдарлама қабылдауға, қазақтың тәуелсіз мемлекетінің басшылығының алдына мәселені дәл осылай төтесінен қоюға, соған дәлелдер, дәйектер, уәждер, нақты есептеулер арқылы қалайда қол жеткізуге тиіс еді. Олай ете алмаса бұндай Құрылтайдың кімге керегі бар? Келу, бірін-бірі көру, ас ішіп, аяқ босату, шер шығару, одан қалса аяқдоп тебу ме мақсат?
Дәл осы Бағдарламаны іске асыруға қазақ мемлекетінің шамасы бүгін әбден жетеді.
Біріншіден, бізде жыл сайын бюджеттің 40-50 млрд,теңгесі игерілмей қалады. Солардың есебінен алдағы 5 жылға 200-250 млрд.теңгені бөлуге мүмкіндік бар.
Екіншіден, біз кешегі дағдарыс кезінде 4 ірі банкты халықтың есебінен 10 млрд.доллар көмек беріп, банкрот болудан аман алып қалдық. Енді сол банктің әрқайсысы 25-30 жылға өзін аман алып қалған халыққа 1 млрд.доллардан бөлсін. Тегін бермей-ақ қойсын, қарызға. 2-3 пайызбен.
Үшіншіден, бізде қазақ жерінің арқасында байыған Миттал, Машкевичтер бастаған шетелдіктер бар. Солардың әрқайсысынан да 1 млрд.доллардан алуға болады. Олар да 25-30 жылға қарызға берсін.
Төртіншіден, Құлыбаев секілді «мұнай магнаты», Сұбханбердин, Байсейітовтер секілді «банк барондары», шетелдік емес, өзіміздің қарадомалақ қазақ миллиардерлеріміз бар, солардың әрқайсысы да1миллиардтан бөлуге қуана келіседі деп ойлаймын. Қаны қазақ емес пе? Оның үстіне қарызға беріп отырса…
Одан бөлек Үкіметтің өзінің жоспарлы бюджеті бар бұл бағыттағы. Оны да қомақтылау етіп көбейтсек ешкім «бұларың не» дей қоймас. Міне, осылайша 15-20 млрд.доллар жинауға толық мүмкіндік бар. Бұдан 5 жыл бұрын осы жолдар авторына берген сұхбатында Ораз Жандосов «4 млн.қазақты 4 жылда көшіріп келу – Үкімет үшін мәселе емес!» деген болатын. Қысқасы, 5 млн.қазақты 5 жылда көшіріп келуге бел бусақ, қалғанының бәрі табылады. Тағы да қайталаймыз, тек ынта, ықылас болсын деңіз.
Мен солай ойлаймын. Ырысбек, сен қалай ойлайсың? Біз өзіміз өзімізге, біріміз бірімізге өкпелеп жүргенде көзіміз бақырайып отырып тұтас бір мемлекеттің елін құруға жарайтын ұлттан айрылуға жақындап қалдық қой. Және қандай ұлттан! Жазу-сызу арқылы тұтас әлемнің көзін ашқан, темір балқытып технологияға үйреткен теңдессіз талантты ұлттан! Көші-қон жайлы ұсыныстардың бірі іске асар емес. Мүйіз сұраған сайын құлақтан айрылып жатырмыз. Абай атам айтпақшы «енді не қалды?» Мәжіліс депутаты кезінде бір өзі заң жазып шыққан Әкім Ысқақ баурымыз секілді парламентте отырмасақ та көші-қон заңын қайтадан жазу және қабылдату қалды. Күзде «Қазақия» газетінде көші-қон жайлы «дөңгелек үстелден» соң «көбіңіз ішінде жүрсіз, мәселені жақсы білесіз, бір апта отырайық та парламентте қаралатын заңға балама жазып шығайық, редакция – еншілеріңізде» деген ұсынысым қолдау таппап еді, мүмкін сен қолдарсың? Одан бөлек Израилге сырттан барған еврейлер секілді «Оралмандар», дұрысы «Бауырлар партиясын» құру қалды. (Үкімет былтыр «оралман» деген атауды өзгертпек болғанда «бауырлар» деген ұсыныс жасап едім, айналайын Үкіметім екі ай талқылап «оралманға» қайтып оралды…). Жассың ғой, сен баста, мен қосшы-ақ болайын. Бірақ, осы екі мәселеде қолдау көрсетпесең, менің саған деген өкпем қара қазаннан қара тауға айналады. Әзірге әдеттегідей тек өзіме өкпелімін. «Қазақты көшіріп әкелу үшін қолымнан келгеннің бәрін істей алмай жүрмін-ау» деген ой жанымды жегідей жеп барады…

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз