Ғалым Мұтанов ISESCO сыйлығын алды
2017 ж. 11 қыркүйек
2267
3
Бүгін Ислам ынтымақтастық ұйымы саммитінің «Ғылым мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту» сессиясы барысында ISESCO бас директоры Абдулазиз Осман әл-Тувейджри Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа ISESCO сыйлығын табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Абдулазиз Осман әл-Тувейджридің атап өтуінше, қазақстандық ғалым аталған мәртебелі наградаға ғылым жолындағы еңбегінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, мойындалғаны және математикалық модельдеу, техникалық әрі әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқару саласындағы зор үлесі үшін марапатталған.
Айта кетейік, ISESCO сыйлығы Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ғалымдарына биология, химия, геология, математика, физика және ғылыми технология салаларына қосқан айрықша ғылыми-инновациялық үлестері үшін беріледі. Сыйлық сертификаттан, алтын медальдан және ақшалай сыйақыдан тұрады. ISESCO-ны 1979 жылы «Ислам конференциясы» ұйымы құрған болатын.
Оның құрамына 50-ден астам мемлекет кіреді. Халықаралық ұйымның қызметі ислам әлем елдерінің ғылымын, білімі мен мәдениетін дамытуға және оған жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.