Бүлдіршіндер білім ордасына қадам басты
2017 ж. 04 қыркүйек
4468
1
Алматы қаласындағы іргелі білім ордасының бірі – №176 мектеп-гимназиясында Білім күніне орай «Мен – өз елімнің патриотымын» атты салтанатты жиын өтті. Шара барысында Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламасы өскелең ұрпаққа насихатталып өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алып шыққан Руслан Сатыбалды, Жаңылай Ғұбайдулла Аружан Сайлаубек сынды 11-сыныптың оқушылары сахна төрінен табылды. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік Гимнін қосыла шырқаған мектеп оқушыларының жүздерінен туған елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті айқын аңғаруға болады.
Ұлағатты ұстаз Жұпаргүл Дүсебекова шәкірттерімен
Алғашқы құттықтау сөзді мектеп-гимназияның директоры Гүлбағда Әденова алып, оқушыларды білім мерекесімен құттықтап, өткен оқу жылындағы мектеп ұжымының сала барысында жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Бегімай Тәңірберген, Қосан Нұрсәт, Әлихан Насуралов, Әділет Өрісбек, Мерей Базарбаева, Ернұр Сағымбеков, Аия Мұқанбетқалиева сынды мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндер тақпақ айтып, өздерінің балдай тәтті былдырлаған тілімен көпшілікті тәнті етті.
Білім жолына қадам басқан балапандарды алғашқы ұстаздары да қуанышпен қарсы алды. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Білім көшбасшысы» төсбелгісінің иегері Бейбітгүл Сергебаева, «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісінің иегері, математика, логика оқу құралдарының авторы Гүлнар Сәлімханова, «Алаш ұстазы» республикалық журналы алғыс хатымен, «Қазақ ұстаздары» 1-дәрежелі дипломымен марапатталған, білім саласында 32 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Жұпаргүл Дүсебекова, «Бастауыш сынып бағдарламаларының» авторы, «Білім көшбасшысы» төсбелгісінің иегері Бағымгүл Асқарова, математикадан 3-сыныптарға арналған электронды оқулықтың және 4 сынып оқушыларына арналған математикалық тест жинақтарының авторы Гүлбақыт Нұрлыбаева, жобалық зерттеу жетекшісі, бастауыш сыныптар бойынша аудандық, қалалық, халықаралық марапаттаулардың иегері Нұргүл Мұхамеджанова, жас маман Ақбота Көкшегір сынды ұлағатты ұстаздар бірінші сынып оқушыларына жетекшілік етіп, төрт жыл бойы білім нәрімен сусындатпақ.
Жиын барысында білім ордасының өнерлі өрендері салған әсем әндер, шараның шырайын кіргізе түсті.
Осынау қуанышты күні алғашқы қоңырауды соғу құрметі 1-сынып оқушылары Иманғали Нұрғалиұлы, Ханерке Құсаиноваларға және 11-сыныптың үкілеген үздіктері Ернар Қабиев мен Адель Төлбасыға бұйырды.
Салтанатты кеш соңында бірінші сыныптың балдырғандарын ұстаздары қолдарынан жетектеп, алтын ұя мектебіне кіргізді. Ендеше, балғындардың білім жолына бастаған қадамдары құтты болсын! Шығар шыңдары қашан да биік болсын!
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz