Қазақстанға 70 жыл бұрын жоғалған жолбарыстар оралады
2017 ж. 08 қыркүйек
4001
7
Қазақстан Үкіметі жолбарысты Іле-Балқаш аймағындағы тарихи тіршілік мекеніне қайтару бойынша жоспарын жария етіп, жолбарыс реинтродукциясының бірлескен бағдарламасын іске асыру жөнінде WWF-мен меморандумға қол қойды. Құжатты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен WWF International бас директоры Марко Ламбертини рәсімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан жасыл даму жолын ұстанады. Біз үшін өз жерімізге жолбарысты қайтарып, осынау маңызды және ауқымды жобаны іске асыратын бірінші ел болу үлкен мәртебе. Сонымен қатар біз үшін бағдарлама барысында бірегей Іле-Балқаш аймағының экожүйесі де толығымен қалпына келтірілетіндігі де маңызды болып отыр», - деді Асқар Мырзахметов.
Жоба табысты жүзеге асырылған жағдайда Қазақстан жойылып кеткен жолбарыстарды тіршілік мекеніне қайта қайтарған тұңғыш ел болмақ.
«Біз Қазақстан Республикасына, олардың көзқарастары мен көшбасшылық мінездеріне, айбарлы жыртқышты сақтап қалып, оны тарихи мекен ету ортасына қайтару бойынша осыншама өршіл және ғажайып жобаны іске асыруға даярлығына таң қаламыз. Бұл жабайы табиғатта жолбарыстарды сақтап қалу бастамасына қосылатын үлкен үлес. Сонымен қатар мыңдаған адамның өмірі тәуелді болып отырған Іле-Балқаш аймағын, оның бірегей биоалуандылығы мен табиғи қорларын қорғаудағы маңызды қадам», - деді өз кезегінде WWF International бас директоры Марко Ламбертини.
Айта кетерлігі, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі Нидерланды павильонында өткен шараға Нидерландының Қазақстандағы Елшісі Дирк Ян Коп пен Ресейдің WWF директоры Игорь Честин қатысқан болатын.