Көрге жетелейтін КӨК ТҮТІН

3
5323

Іргелі өркениетті ел болуымыздың, жаһандағы басқа мемлекеттермен тереземіз тең болудың басты шарты – халықтың өскелең басамандығы мен айтарлықтай есен-саулығы – басты кепіл. Халқының денсаулығы төмен мемлекет – келешектен үміті жоқ деуге болады. Жетістіктерге жетуге дәрменсіз болады. Халық бірте-бірте ыдырап, солады. Ақыры құрдымға да кетуі мүмкін. Осыны болдырмау үшін еліміздің Президенті халықымызды салауатты өмірі мен дене шынықтыруға әрдайым көңіл бөлуге шақырады. Бұл кездейсоқ жәйт емес.

Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз тәні мен жанын таза сақтап, ағзасын «көк түтінмен буламай, қөк сумен уламай» таза ұстап келген. Былайша айтқанда, қандары улы заттардан таза болған. Ғасырлар бойы олар найзының ұшымен, білектің күшімен намысты ту етіп, кеуделерін оққа тосып, қанды шайқастарда ұлан байтақ жерімізді қорғап калғандағы армандары – ешкімге тәуелді болмай, еркін бас көтеріп, аяғына нық тұрған мемлекет бола, азаттық туын мәңгі биік желбіретуі еді. Кеше ғана тәуелсіздік алсақ та, бүгін елеулі елдер санатына қосылдық. Ата-бабаларымыздың армандары орындалып, тәуелсіз мемлекет құрған баққытты ұрпақ екенімізді жадымыздан еш шығармауымыз керек. Қатардан қалмаған жетілген ел, азаттығын сақтаған тәуелсіз де тату жұрт болуымыз басты құндылықтарға жатады.Осы басқа қонған бақытты да баянды алып жүру үшін салиқалы сана керек. Ойлы да салмақты сана. Осы бағдарда көтерілетін мәселе, ортаға салатын ойлар тақырыбы аз емес. Бірақ әзірге, сол сананың елеуішіне өмірдің келеңсіз бір құбылысы темекіге құмарттықты салып, ой қортайық.
Темекі шегетіндердің арасында жүргізілген сұрақтарға жауап ретінде олардың үштен екісі «темекі шегудің зияндылығы шамалы, тіпті зиянсыз» деп жауап берген. Сонымен шылым шегетіндердің басым көпшілігі шылым шегудің залалды әдет екенінен беймәлім. Қауіптісі осы.
Осы тақырыптың арнасындағы ой-пікірді пысықтаудың беташары ретінде Ұлы Абайға жүгінгенді жөн көріп, дана ақынның «Қырық үшінші сөзінде»: «Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуаты бірден мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат – екі мықты қуат қосылып тоқ­татады» дегенін жадымызға жақын тартып, оңбағытты ойжетегіне ерейік, ағайын.
Ал енді темекі шегудің қатерлі жақтары неде деген сауалға ащы шындықты айтпасақ, халықтың болашағына немқұрайлы қарап, опасыздық танытқанмен бірдей.
Бұрындары бойжеткен қыздар мен келіншектер темекіні қымсынып, бұғынқырап шегетін еді. Оны ұят көретін. Ал қазір, ашық та батыл бұрқырататын болыпты. Қай жерге барсаңызда көк түтінді будақтатқан өзіміздің қыз-келіншектер. Өкінішке орай, қатарлары күннен – күнге көбеюде. Себептері – көбіне «модадан қалмау керек» деген ой, жеңіл елугішілік. Ертерек еркін, есейген болып көріну. Содан әрі қарай темекі шегу «тастайалмас» әдетке айналады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының статистикалық мәліметтеріне қарағанда 12 жастан жоғары нәзік тәнді жандардың 9,8 пайызы темекі шегетіні, ал солардың арасында 18-19 жастың аралығындағылары басым көпшілігін құрайды екен. Ал статистиканың «назарына» ілінбей қалғандары да талай пайызды арқалайтыны сөзсіз. Шынтуайтқа келсек, бұл келеңсіз құбылысты халыққа төнген індет деп түсіну керектігі әлдеқашан айқын болған. Бірақ, бұны қатер ретінде шын мәнінде түсіне қойған қандастарымыз шамалы. Керісінше, темекі шегетіндердің «сапы» күннен – күнге жедел толып келе жатқандығы қатты алаңдатады. Сонда, бұл өскелең топтын бойжеткендері тұрмыс құрып нәресте құшудың алдында тәні мен ағзалары әбден улағандығы ғой. Шындыққа жүгінсек темекіге әуестік ер адамға да қауіпті. Еліміздің ер азаматтары арасында шылым шегетіндері 65,3% құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Тәуелсіз мемлекеттер достағы (ТМД) елдері арасында бірінші орынды «жеңіп» алыппыз. Мақтанарлық жәйт емес, әрине. Бірақ, қыз-келіншектер туралы ашына айтуымыздың басты себебі, ғалымдардың зерттеуі бойынша ананың шылымға әуес болуы құрсақтағы нәрестенің бір қарағанда «себепсіз» шетінеп кету салдарына әкеліп соғады екен, ал аман-есен жарық дүниеге келген бөбектердің алғашқы үш жылы өмірлеріне аса қатерлі екен, басы аман қалғандары ауыршаң, келешекте ойлау қабілеті тежеліп, мектептегі үлгерімі төмен болатындығы анықталған. Қазіргі кезде темекі түтінінің зиянды әсері балалар денсаулығы мен дамуына қолайсыз жағдай туғызатыны туралы анық ғылыми деректер жеткілікті. Сонымен, темекіге құмар анадан болашақ өмірге, ісіне дәрменсіз ұрпақ дүниеге келеді. Осы фактілер болашақ ұрпаққа келтірер обал, жасалған киямет емес пе?! Осыған орай, айта кететін нәрсе, аргентина ғалымдарының зертеулеріне қарағанда темекі тартатын әйелдерге оны койып кету еркектерге қарағанда киынырақ келеді екен. Залалы да әлде қайда басым болады екен.
Бәрімізге айдан айқын ақиқат: Жеріміз кең байтақ, ал бас санымыз аз. Осыған қарамай басымызды жөнсіз тәуекелдікке тігеміз. Шындыққа келсек, әр азамат өзінің де, елінің де қамын ойлауы – асыл парыз. Бірде, осыдан оншақты жыл бұрын, теледидардан ана мен бала мәселелеріне арналған хабар жүріп жатқан еді. Хабарға қатысып отырған, ертеде Ғылым академиясында бірге қызметтес болған, белгілі демограф – ғалым Мақаш Тәтімов: «Қазақтың әйелдері балаларды сапалы табуы керек» – дегенде, бір әйел жұлып алғандай, шамдана: «Қазақтың әйелдері сапасыз балалрды тапқан емес»- деп сол сәтте тойтарыс берген көрініс есте қалды. Әрине бұл тұрғыда «сапалы-сапасыз» деген сипаттаманың жөні жоқ. Нәрестеге сапа белгісін басатындай ол өндіріс бұйымы емес. Шындығында, М.Тәтімовтың ойы, ананың өзі ауырмай тағы да басқа қатерлерден сақтанып, нәрестені төғыз ай көтеріп, дені сау күйінде дүниеге әкелуін айтқандығы еді. Мүмкін ғалымның ойында медицина статистикасы мәліметтері (әйелдер арасында кең тараған анемия, остеопороз, авитаминоз және т.б.) мен қоса ащы шындықты бейнелеген ел аузындағы: «Еврей ауруханаға демалуға, орыс-емделуге, ал қазақ – өлуге барады» деген анекдот есінде ме екен? Бұл мысалдың жаны бар. Халқымыздың басым көпшілігі қандай да дертке болсын төзімді келеді, көбіне: «Бәрі алладан» – деп кеселін арқалап сүйретіліп жүре беретіні рас. Бірақ алла әр пендеге: «Сақтансаң сақтаймын»- дегенін көбісі еске алмайды. Сонымен қоса, қазір медициналық-санитарлық жаппай ағартушылық насихат пәрменділігі төмен түсіп кетті. Келешек ана, әсіресе шалғай ауылдарда, не істеп не қоюды білікті мамандардың аузынан естуі дұрыс болар еді. Әрине, ананың өз денсаулығын қашанда ұқыпты «баптауы», онымен қоса ол нәрестеге зиянды темекіге, араққа, нашақорлыққа үйір болмауы абзал. Әйел қауымының жетелі денсаулығы ұлттық құндылық ретінде қаралып, осы түсінік барлығымыздың санамызда болуы хақ. Өйткені ана келешек ұрпақты дүниеге әкеледі. Сондықтан ананың бұл дүниедегі миссиясы орасан зор.
Бір өмірлік психологиялық мысал. Ельцин заманы «демократияландыру» құбылысының толқыны пәрменді кезі еді. Ресейдің қалаларының бірінде сұқбат алып жүрген журналист отырған біртоп жастардың жанына барып: «Қыз – келіншектердің темекі шегіп, арақ ішкендеріне қалай қарайсыз ?» деген сұраққа, бір жас азамат: «Темекі шексе – шеге берсін, арақ ішсе – іше берсін, оған менің басым неге қату керек?» – дегенде, ал «болашақ қалыңдығыңыз айтқандарға әуес болса, оны қалай көресіз?» – деген сауалға, ол жұлып алғандай: «Жо-жоқ, қалыңдығымның темекі шегіп, арақ ішкеніне тікелей қарсымын, ондай қызға үйленбеймін» – деп жауап берген. «Басқалар не болса о болсын, өз басымнан «пәлекет – әрі кет» – дегені ғой. Бұл көрніс аса талдау қажет етпейтіні айдан анық, өзінен – өзі түсінікті.
Ертеректе Денсаулық сақтау министрлігі темекі қораптарының сыртына: «Денсаулық сақтау министрлігі темекі шегу денсаулығыңызға зиянды екенін ескертеді» деген ескерту жасайтын еді. Жылдар бойы нәтиже шықпаған соң, ұялған болу керек, министрлік ескерту жасамайтын болыпты. Қазіргі темекі қораптарында жазылған ескертпелердің кімнің атынан екені белгісіз, бірақ үрей туғызатындай: «Шылым шегу сіздің денсаулығыңызға өте зиянды. Шылым шегу өлімге алып келетін аурулар туғызады» (Marlboro сигареті қорабының бетіндегі жазу). Бұған қарамастан, халқымыз жаппай сауатты болса да, ойланып, қорытынды жасап жатқандары шамалы. Керісінше – темекіге үйірлік жұқпалы аурудай кең тарауда. Кейінгі бірнеше жылдар ішінде қазақстандықтардың темекіге әуестену құмарлығы 9 (!) есе өскен. Егер 1997 жылы әрбір қазақстандықтың басына шаққанда 348 тал шылым шегілген болса, енді 2009 жылы әрбір жерлесіміз 3285 тал сигарет ( бір күнде – 9 тал ) шеккен екен. Темекі шегетіндердің арасында тіпті 8 жасар(!) жасөспірімдер де ресми тіркеуге ілінген.
Темекі түтінінің формакологиялық белсенді, уытты, мутагенді және канцорегенді екендігін, оның әсері өлімнің, ауру мен мүгедектіктің себебі екендігін және темекі шегуге байланысты ауруларға шалдығудың арасында белгілі бір уақыт болатынын ғылыми деректер анық дәлелдеп отыр.
Темекі шегу адам тәні мен ағзасының түгел дерлік мүшелеріне зиянды әсерін тигізеді, бірақ басты қауіп оның жүрек-тамыр, өкпе-демалу жүйелерін, рак ауруларын қоздыратын себептерге шалдықтыратынында. Қазіргі ғылыми зертеулерге қарағанда, темекінің түтінінде 4000-ға жуық адам организіміне зиянды заттардың қосындылары барлығы анықталған. Олардың ішінде бастылары никотин, сениль қышқылы, радиоактивті полоний 210, әрқилы органикалық қышқылдар, шәйір (қарамай – немесе орысша «смола»), және басқа да зиянды заттардың тағысын – тағылары. Түтіннің құрамында 60 –қа жуығы канцорегенді заттар бар, олар адам организмінің гендік матариалдарына зақым келтіріп, рак ісіктерінің өсуіне әкеледі. Өкпе рагінің (қатерлі ісік ауруы) 90% себебі темекі шегумен байланысты болады.
Темекі шегетіндер темекі бұйым­дарын пайдаланбайтындарға қара­ған­да 20 есе өкпе рагына, 13 есе стено­кардияға, 12 есе инфарктқа, 10 есе асқазан, 8 есе жүйке, 7 есе тамыр жиырылу ауруларына жиі шалдығады екен. Онымен қоса 6 есе көру, есту, дәм мен иіс сезу қабілеттілігі төмендейді. Адамның тісі, тырнағы қоңыр-сары түске боялады. Ал күніне 2 қорап шегетіндері аталған сандарды екі есеге асырады екен.
Темекінің өкпеге зияны айдан анық. Шығыстың бір мысалында: «Темекі шегетін адамды ит қаппайды, оның үйіне ұры түспейді, ол қартаймайды » делінген. Бірақ қуанарлық ештеңе жоқ. Шешімі: ит қаппайтыны – темкі шеккен адамның аяғы тартылып, еріксіз таяқ ұстап жүреді екен; ұры түспейтіні – түнімен жөтеліп, көзілмей шығады екен; ал қартаймайтыны – кәрілікке жетпей ерте дүние салады екен. Бұл тағы бір өмірлік ащы ақиқат. Темекі шегуге аса үйір болып, өкпе ауруына шалдығып ерте дүние салғандардың арасында белгілі жазушы Максим Горький, режиссер Олег Ефремов, атақты әнші Муслим Магомаевтарды өкінішпен ауызға алуға болады.
Россия Федерациясының Мем­лекеттік думасының бір депутаты мәжіліс отырысында темекі шеккен адамның мәйтін крематориде отқа шалғанда (Ресей үлкен қалаларында мәйтті жерлейтін жердің жетімсіз болғандығынан қолданылатын рәсім) таза күлдің орнына 3 килограмдай шәйір қалып, содан кейін өртеу камераларын тазалау оңайлыққа түспейтіндігін жұмыскерлер өкінішпен айтқандарын мысал ретінде атап өткен. Сонда темекіге құмар адамның организіміне 3 килограмдай зиянды шәйір сіңіп, ақырғы күніне дейін оның бойын, сонымен қоса келешек ұрпақтарын улайтындығы анық болғандығы.
Енді бір ойға салатын жәйт, темекі түтіні маңайдағы темекі шекпейтін жандарға (жанұя мүшелері, бала-шаға және т.б.) тиетін зияны өте зор болатындығын ғалымдар анықтаған. Сондықтан, темекіні будақтатар алдында төңірегіңізге көз салыңыз, замандас.
Ресми мәліметтерге қарағанда, темекі тартудың салдарынан күніне 70 отандасымыз көз жұмып, бір жылда 25 550 адам жарық дүниемен қоштасады екен. Британия ғалымдарының болжамы бойынша, 21 –ші ғасыр бойы темекі шегумен байланысты аурулардан бір миллиард адам дүниеден озады екен. Денетүршігерлік статистика.
АҚШ-тың Массачусетс пен Гарвард университет ғалымдарының зертеуіне қарағанда темекіні шегуді бастаған адам оған бірнеше күн ішінде таста алмайтындай үйір болып кететіндігі анықталған. Шынында миллиондаған адамдар осы әдеттерінен арылу оңайға түспейтінін өз тәжірибелерінен біледі. Американың атақты жазушысы Марк Твен: «Темекіні тастаудан оңай ештеңе жоқ мен оны отыз рет тастағам» – деп әзілдеген екен. Статистика мәліметтері бойынша темекіге үйір жандардың 70% осы әдетке тәуелділіктен арылу керектігімен келіседі екен. Бірақ олардың тек 5 пайызы ғана темекіден бас тартып, көк түтінді сейілте, тынысы кеңейе табиғи таза ауа жұтады екен. Әрине темекі шегуден бас тарту үлкен ерлік. Оған қажеттісі – темекі шегетін адамның өзінің нық байлауы болуы. Аталып өткен дара Абай сөзін тағыда еске алған абзал.
Қазірде темекі індетінің адам денсаулығы үшін үлкен залалы барлығы өркениетті елдерге айдан анық және бұл індетпен күресу жан-жақты халықара­лық ұйымдардың қатысуын талап ететін жаһандық күрделі проблема болып тұр.
Шылымдар мен құрамында темекі бар кейбір бұйымдар тәуелділік туғызатындай етіп жасалған жоғары технологиялық өнімдер, олардағы көптеген құрамдас бөлшектер темекіге тәуелділікке байланысты туындайтын аурулардың себебі болып табылатынын әсте ұмытпауымыз керек.
Балалар мен жасөспірімдердің темекі шегуі мен темекінің басқа да түрлерін тұтынуының таралуына байланысты, әсіресе барған сайын тым ерте жаста шегуге байланысты ел азаматының алаңдаушылығын тудырары сөзсіз. Жасөспірімдерді темекі дертінен сақтап қалу біздің үлкен мақсат. Ол үшін жан-жақты да жүйелі жұмыстар жасалуы кажет. Ең бастысы жасөспірімдерге жанұя мен мектеп қабырғасынан дұрыс тәлім-тәрбие берілуі қажет.
Темекіге құштарлықты тежеу үшін шылым сату бағасын едәуір мөлшерде көтеру керек. Шылым бағасы темекіге үйір адамның қалтасына ауырлық түсіретінін көздеген жөн. Мысалы Нью-Йоркте бір қорап шылым 10 доллар тұрады. Сондықтан ол қалада темекі өнімдерінің сатылуы күрт төмендеген. Темекі шегетіндер 30% азайған. Біздің валютаға шаққанда бір қорап темекі 1480 теңге тұрады, күнде осынша ақшаға ауру сатып алу санаға симайтын нәрсе. Сонда бір қорап темекі 50 бөлке нанның құнымен парапар екен. Бұндай залалды құмарттық денсаулыққа да зиянды бола тұра, адамның жеке бюджетіне де ауырлық еткені көрініп тұр. Әркімді еріксіз ойландырады.
Онымен қоса, темекі бұйымдарына салынатын мемлекеттік салық мөлшері көтерілсе, темекі бұйымдарын шығара­тын кәсіпорындар да осы кәсіптің тиімділігі жайлы қатты ойланатын болар еді.
Ал темекінің өнімдерін қолданудан бас тартқан адамның организімі бірте-бірте қалыпқа келіп, денсаулығы әлдеқайда түзеледі. Көзінің жанары кіріп, тынысы кеңейеді, еңсесі көтеріледі. Айналадағы табиғат түрлі бояулары әрленеді. Адам түлеп, өмірге құштарлығы артады. Жақын-жуығыңыз риза болып, қуанады. Одан артық не тілеуге болады?! Ең абзалы – әуелбастан алшаң басқан темекінің бетін қайтарып, табалдырықтан аттатпау.

Нақыпбек Сәдуақасов,
заңгер

3 ПІКІРЛЕР

  1. темекіні сатудағы бағаны көтеру дұрыс емес, өиткені халық насыбайға т.б. наша түрлеріне көшеді.арзанқол, десаулыққа анағұрлым зиянды темекі бұйымдарына ауысып, махорка тартып, қоға шегуі мүмкін. сондықтан темекіні дүкендерде 21 жас емес 27-30 жастан бастап сату керек. сол кезде темекіге үйренбеген жастар іздемеуі мүмкін.ал қымбаттату тек уақытша шара, темекімен арақ алатындар ұрлыққа барып қылмыс көбейеді. темекіге қарсы акциялар жыл бойы жүру керек.мектеп, бала бақшадан бастап зияны насихатталуы қажет.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз