Талдықорғанда Құрбан айт мерекесінде 70 такси тегін қызмет көрсетеді

Талдықорғанда Құрбан айт мерекесінде 70 такси тегін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ бірнеше қоғамдық көліктер де халықты тегін тасымалдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл көліктерге «Құрбан айттың құрметіне тегін такси» деген арнайы плакаттар жапсырылады. «Тегін таксилер Құрбан айттың алғашқы күндері яғни, бірінші және екінші күндері халықты тегін тасымалдайды. Бұл көліктер қаланың кез-келген жерлерінде жүреді. Егер де үшінші және төртінші күндері халық тегін таксиге сұраныс танытса, біздің адамдар ол қызметті көрсетуге дайын. Ол үшін орталығымыз «Иман» мешітіне хабарласуы керек.Ал қоғамдық көліктер айттың бірінші күні халықты тегін тасымалдайды.

Ескерте кететін жайт, біздің акцияға арнайы плакаттар жазылған автобустар ғана қатысады. Тұрғындар осы жайтқа мән берсе дейміз», - дейді «Иман» орталық мешітінің бас имамы Серікхан Ырымханұлы. Сондай ақ имамның айтуынша, құрбан айт мерекесінде түрлі шаралар да ұйымдастырылады. Мәселен, Талдықорғандағы атшабарда ат және ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтеді. Аламан бәйгенің бас жүлдесі 500 мың теңге. Бұл шара қыркүйектің бірі күні сағат 15:00 де басталады.

Сондай-ақ ол жерде халыққа палау, түрлі тәттілер мен сыйлықтар тегін таратылады. Ал сол күні кешкісін жетісулықтар Қаратал өзенінің бойындағы саябақта тамаша отшашуды көріп, түрлі ойындарға қатысып, дәстүрлі дініміз туралы мағлұматтар ала алады. Бұл құрбан айттың алғашқы күніндегі шаралардың бір парасы ғана. Бұдан өзге де мереке күндері түрлі қайырдылық акциялар өтетін болады.