Жас кәсіпкерлер «Жастар бизнес-тағылымдамалары» республикалық жобасына қатысты

Талдықорған қаласында Астана мен Алматы қалалары және республиканың қалған 13 өңірінен келген барлығы 30 жас кәсіпкерлер қатысуымен жастар бизнес-тағылымдамалары жобасы өтті.

Қатысушылар 5 күн ішінде Асхат Абжанов, Асқар Әскеров, Светлана Друзь, Аслан Есжанұлы секілді табысты кәсіпкерлердің тренингтерінде инновациялық технологиялар, краудфандинг, ораторлық, көпшілік алдында сөйлеу өнері, Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды ойлардың бірі ретінде сана жаңғыртуына байланысты тақырыптарға шолу жасап, білімдерін кеңейтті. Тағылымдамадан өту бағдарламасы, сонымен қатар, алдыңғы қатарлы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына барып, тәжірибе жинақтауды көздейді.

Делегаттар мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған «Асар» фитнес клубында, «Тюрский дворик» демалыс базасында, «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауытында, «Арлен» бала-бақшасында, «TANDOOR» кафесінде және т.б. кәсіпорындарда болды. Оған қоса, ҚР Алматы облысының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында болып, ШОБ қолдау жөнінде мемлекеттік шаралар тізбегімен танысты. Тағылымдаманың жабылу салтанатында барлық қатысушыларға жобаға қатысқаны жөнінде сертификаттар табысталды.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтқандай, сананың ашықтығы – ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Жастар кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мақсатында Қазақстан жастарының конгресі және ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жыл сайын жастар бизнес-тағылымдамаларын өткізіп келеді. Бұл жоба жастардың өз істерін ашуға, болуы мүмкін тәуекелдерді есептеуге және басқа да кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. 2016 жылдан бері бүгінде 90 жас қыз-жігіттер тағылымдамадан сәтті өтті. Жобаны жүзеге асырудағы барлық серіктестерімізге алғыс білдіремін», - деп «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ-нің атқарушы директоры Сәбитов Айдын Маратұлы шара маңыздылығын атап өтті.

Тағылымдаманың басты мақсаты – жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға жәрдемдесу және ашу, бүгінгі күні жұмыс барысындағы ШОБ кәсіпорындарының іс-шараларымен таныстыру арқылы жас кәсіпкерлердің құзыреттілігін жоғарылату.

Жобаның ең жас қатысушыларының бірі Алматылық Мұхит Асқарұлы: «Менің жасым 19-да. Мен «Qazaqstanwatches» интернет-дүкенінің жетекшісімін, әлеуметтік желілер және интернет арқылы қол сағаттарын сатумен айналысамын. Жастар бизнес-тағылымдамалары жобасынан бизнестегі басты мақсаттарыма жетуге жақсы кеңестер, кәсіби консультация және өз кәсібімді дамытуға арналған ақпаратқа кеңінен қанық болдым. Ұйымдастырушыларға өте ризамын».

Жастар кәсіпкерлігінің дамуы заманауи кезеңде халық арасындағы еңбекпен қамту көрсеткіштерінің жоғарылауына және білікті қызметкерлер дайындауға ғана емес, еліміздің инновациялық даму жолына тезірек өтуіне жағдай жасауы қажет.

Мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының негізгі тірегін дәл осы бизнес құрайды. Жастарға осы нәрсе оқыту барысында-ақ түсіндіріп, қажетті құзіреттіліктерінің қалыптасуына көмек беру өте маңызды.