КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
2017 ж. 18 тамыз
1800
0
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Ол бірқатар өндіріс орындарын аралап, облыс кәсіпкерлерімен кездесті.
Халық қалаулысы «Тараз Кожь Обувь» және «Фабрика ПОШ – Тараз» серіктестіктерінде болып, шығаралып жатқан өнім түрлерімен танысты. Мұнда қазір жасақталған заманауи қондырғылар арқасында жіптің бірнеше түрін шығарады. Сонымен қатар, таза жүнді Иран, Израйль секілді мемлекеттерге экспорттайды. Депутатпен кездескен зауыт өкілдерін толғандырған сұрақтарын қойды. «Фабрика Пош – Тараз» ЖШС бас инженері Бахыт Сүйінбаев өндірісте газ бағасының көтерілуі мен шикізаттың тапшылығы туралы айтып, осы түйткілді шешуге көмек сұрады. Азат Перуашев коммуналдық төлемдердің бағасын реттеу үшін алда өтетін жиындарда бұл мәселені «Ақ жол» фракциясы көтеретінін, ал, шикізат жағы шаруа қожалықтарымен келісіп, жүнді тек отандық зауыттарға өткізу жағын қарастыру керектігін еске салды.
Одан ары Азат Перуашев Тараз қаласының «Арай» тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. 14 гектар жерге соғылып жатқан жаңа үйлер негізінен мемлекеттік бағдарламалар арқылы тапсырылады. Ал, халық қалаулысының облыс кәсіпкерлерімен болған кездесуінде Жамбыл жеріне тартылып жатқан инвестициялық жобалар мен ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандары жөнінде айтылды. Мысалы бұл өңірде индустрияландырудың екінші бесжылдығында 575 млрд. теңгеге 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.
– Біздің партия әсіресе кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Олардың қандай мәселелері бар, мемлекет тарапынан қандай қолдау керек. Біз алдағы болатын Парламент отырыстарында өңірлерден көтерілген барлық мәселені қоятын боламыз, – деді жиында «Ақ жол» партиясының жетекшісі.
Кездесу барысында жиынға қатысқан шағын және орта бизнес өкілдері депутатқа көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
qazaquni.kz