200-ге жуық "Алтын белгі" иегерлері гранттан қағылған
2017 ж. 24 тамыз
3138
3
«Алтын белгі» иегерлері мүлдем грантсыз қаламыз ба деп алаңдаулы! Алматыда бір топ талапкер ақысыз оқуға түскендер тізімінде болса да, сертификатын ала алмай жүр. Сондықтан, олар студенттік өмірге дайындалудың орнына, 10 күннен бері қабылдау комиссиясын айналшықтауда. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды. Олардың мәліметінше, жалпы 200-ге жуық "Алтын белгі" иегерлері гранттан қағылған.
Бірақ сертификат даулағандарға тұщымды жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Ал бүгін таңертең олардың кейбіріне көптен күткен қағаз берілгенімен, оның өзі де жарамсыз болып шыққан.
Ананың көңілі балада, баланың көңілі грантта. Ал сол гранттың берілетін түрі жоқ. Жабырқаған талапкерлер мен перзентін қалай жұбатарын білмеген ата-ананың медициналық университеттің қабылдау комиссиясын айналшықтап жүргеніне осымен 10 күн. Бар мақсаттары – өздеріне тиесілі сертификаттарын алу. Өйткені ақысыз оқуға түскендердің қос тізімінде де аты-жөндері тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Әлия Сәлменова, талапкер:
- 10 тамыз күнгі тізім бойынша Асфендияровта болдық. 14-ші тамыздағы тізімде Казгуде болдық. Енді не Казгуде, не Асфендияровта жоқпыз.
Сертификат даулағандардың дені – «Алтын белгі» иегерлері. Бәрі де ҰБТ кезінде өз білімдерін дәлелдеп, 100-ден аса балл алған. Бірақ одан пайда болмай тұр.
- Ұйқымыз қашты. Шынымды айтатын болсам, сөзім де жетпейді. Өзімнің ызамды, кегімді барлығын айтып шығатындай.
Сөйтсек, мұндай қиындыққа тап болғандар көп екен. Ақысыз оқуға түссе де, қазір далада қалғандар Алматыдағы өзге оқу орындарында да жетеді.
- Ал, 245 баланың мәселесі бүгін таңертең шешілгендей болды. Яғни, оларға көптен күткен сертификат берілген. Тек ата-ана мен болашақ студенттердің қуанышы көпке созыла қойған жоқ. Түстен кейін комиссия өкілдері шығып, бұл құжаттың жарамсыз екенін айтып, оны кері қайтаруды талап етіпті.
Қуанышы су сепкендей басылғандарға қабылдау комиссиясындағылар жақ ашып ештеңе түсіндірмепті. Сөйтсек, олар тек бұйрықты орындаушы екен. Сертификаттарды кейін қайтару туралы тапсырманы Білім министрлігі берген.
Қазбек Төлебаев, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры:
- Бүкіл сертификатты алып келгенбіз. Бүгіннен бастап жұмыс істегенбіз. Бірақ кейін сертификатты қайта алып қойды. Сертификат береді – біз жұмыс істейміз. Сертификат болмаса – біз жұмыс істей алмаймыз.
Бірақ, министрліктегілер ондай бұйрық берген жоқпыз деп отыр. Ал, жауаптылар бір-біріне сілтеп жүргенде, «Алтын белгі» иегерлерінің мүлдем грантсыз қалатын түрі бар.