Латынға көшсек, орыстан қорқамыз

Түркі ұлты түгел көшсе...

Әбдуәли Қайдар, ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі,

профессор:

Латын алфавитіне көшу туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Басылым беттерінде өзімнің бірнеше мақалам жарық көрді. Әрине, көшу керек. Мысалы, Түркия бізден кейін 56 жылы латын алфавитіне көшкенде, Ататүріктің айтқан сөзі бар: «совет одағының шет пұшпағында тұрған халықтардың барлығы түрік халықтары, солардың барлығы латын алфавитіне көшіп жатқанда біздің сыртта қалғанымыз болмайды», деп. Олар мың жылдық арабша жазуы, тарихы бола тұра көшті. Негізгі мақсаттары түркі халықтарымен бірдей болу. Сонымен Түркия латын алфавитіне көшті де, біз қалып қойдық. Әлі күнге дейін, Түрік халықтары латын алфавитіне көшейік, бірге болайық дейді, ондағы қазақтарда хат жазып, осы мәселені қозғап жатыр. Оны Елбасымыз да қолдаған, «егер халық қарсы болмаса, ғалымдар қолдаса мен қарсы емеспін», деген сөзі бар. Тіпті, жаңа алфавиттің нақты жобасы да шыққан, бірақ оның бәрі бекер қалды. Мынау әлгі бизнесмендердің, техника саласының жобасын жасап, жариялап, кітапша етіп шығарды. Дегенмен, кейбіреулер қарсы, біз надан болатын болдық деп шығып жатыр. Әрине, оның бәрі сылтау ғой. Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан көшті, біз өз орнымызда қалдық. Сондықтан бұл мәселені қайтадан көтеріп, қолға алынса дұрыс болар еді.

Латынға көшсек,

орыстан қорқамыз

Тұрсынбек Кәкішев, ф.ғ.к профессор:

Латын әрпіне баяғыда көшуіміз керек еді. Түркі жұртының барлығы осы алфавитті қолданады. Өзбекстан, Әзербайжан халқының осы алфавитке көшкелі қашан. Ал біз болсақ малтығып, басқа алфавитке көшсек орыстардан айырылып қаламыз ба, деп қорқамыз. Бұл бір тұсы. Екіншіден, бүкіла дамзат қазіргі уақытта осы алфавитті қолданып отыр. Технологияның барлығы осы ғаріпте. Сондықтан да көшкеніміз орынды.

 

Барлығын уақытында шешкен дұрыс

Болат Сайлан,

Ауған соғысының ардагері, т.ғ.к. доцент:

Дәл қазір латынға көшеміз деп айту қиын. Өйткені халықты ішкі пайыздық мөлшерін ойлау керек. Бізде қазіргі таңда 50 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Өйткені, кеңес дәуірінде бәрі орысша оқыды. Соның әсерінен арыла алмай жатырмыз. Негізі барлығын уақытында шешкен дұрыс. Анау «анадай екен», мынау «мынадай екен» деп әркімге еліктей берсек те болмайды.

Дайындаған Әсел РЗАЕВА