Қазіргі қазақ көшіне көңілім толмайды

Тұрсынбек Кәкішұлы, ф.ғ.д, профессор:

Қазіргі қазақ көшіне көңілім толмайды

Қазіргі қазақ көшіне көңілім толмайды. Соңғы жылдары келушілердің саны азайып кетті. Себебі біздің яғни Қазақстан тарапының қабылдау деңгейі төмен. Өзім Қытайға барғанда Қазақстанға виза ала алмай жүрген талай қандастарымызды көрдім.

Отандастарымыздың елге оралмай, сыртта қалуына жоғары жақ, әсіресе көші қон саласындағы қызметкерлердің селқостығы мен салғырттығы кінәлі. Келген адамдарды бірден Қазақстанның азаматтығын қабылдамай, тентіретіп, берекелерін қашырып отыр. Былтыр Шыңжаңда болғанда байқағаным аз ұлттарға жақсылық жасағансып, қытайлықтар олардың мәдениеті мен дәстүрін ұмыттырып жатқандай. Көшіп келетіндерге жағдай жасалу керек.

Егер алдағы қазақ құрылтайы қазақ мәселесіне көңіл бөлетін болса, ең әуелі шетте жатқан қазақтардың рухани байлығын жойып алмауымыз керек. Соларда бұрыннан бар және қазір жасалып жатқан рухани байлықтарды, әсіресе әдебиет пен мәдениет саласындағы дүниелерді қазақстанға жеткізу мәселелерін қолға алуымыз керек. Президентіміздің жанынан көші-қон туралы агенттік құрып, ол елге оралушылардың мәселелерін шешсе екен деген ойдамын.

Уақап Қыдырхан,

Қазақстанның мәдениет қайраткері:

Шынын айтқанда,

көші-қонда келеңсіздіктер аз емес

Құрылтайдың мақсаты – сол саладағы толып жатқан келеңсіздіктерді жою немесе сол төңіректе жай ғана әңгіме айтумен шектелмей, сырттағы елге қайта алмай, аңсап жүрген ағайынды елге шақырып, елдің жылуын беру. Ел қамқорлығын көрсету. Шынын айтқанда, келеңсіз жәйттар аз емес. Ал оны реттеу мемлекеттің шаруасы. Өзімнің осы мәселеге қатысты қанағаттана алмайтын тұстарым бар. Көші-қон дегенді біз мемлекеттік саясатқа көтердік дейміз, айрықша заң аясында жүргізіліп жатыр дейміз. Қазір көш жұмысы көші-қон полициясына беріліп отыр. Ал көші-қон полициясына айтылып жататын өкпелер көп. Ең қысқасы, былтырғы бір әңгімеге қараған уақытта бүкіл сыртқа берілген квота 20 мың қазақты көшіріп әкелуі керек болатын. Ал соның жартысы да орындалмаған. 20 мың қазаққа берілген қаражаттың тең жарымынан артығы өтірік құжаттарменен «қалтаға» түсіп кеткен. Оған өзіміз, көші-қон полициясының адамдары араласпаса қаражат қайда кетті? Біздегі қалаларда жасырын басты орындар бар көрінеді. Олар қай тілде болмасын әлгіндей құжаттар жасайтын көрінеді. Қарғаның көзін қарға шұқи ма? Ертең осы үйренген әдетіменен әрмен қарай асқынып кетсе қайтеді деген ой бар. Екіншісі, тіпті әсіре әскери жағдайға кетіп қалуы мүмкін. Елімізді аңсап, аңырап келгендерге қарсы сары-ала иықты әскерлер тұрса не болады? Бұл әрберіден соң қамқорлық, жылу емес, үрей туғызуы да мүмкін. Десек те үкімет мұны тегін жасап отырған жоқ шығар. Бәлкім осы саладағы келеңсіз жағдайлардың барлығын жоюға біржолата бағыт ұстаған шығар? Сырттағы ағайындардың оралуына жақсы жағдайлар жасайды деп ойлаймын.

 

Жанұзақ Әкім, Еуропа ғылым академиясының академигі, саясаткер:

Көші-конның басында отырған азаматтар

елге жұмыс істейтін азаматтар емес

Былтырғы жылдан қазақ көшінің тоқырай бастағаны жайында мәселе көтеріліп жүр. Ресми органдар оның ішінде бас прокуратура, осы салаға бөлінген қаржы қалай жұмсалып жатқандығын тексерген болатын. Нәтижесінде, екі-үш облыста оралмандарға салынатын үйлерден әр біреуінде 137-140 млн желініп қойған. Оның үстіне салынған үйлердің көпшілігі сапасыз, бітпей жатып ақаулар жетіп артылады. Осындай шалалықтар өте көп. Барлығы жаман деуге де болмас. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 1700-дей үй салынған екен. Мен өзім барып көрдім. Үйінің қасында жұмыс істейтін жағдайы бар. Әр біреуінің 6-7 соттық жерінде жылыжай жасап қойған, сонда олар өздері еңбек етеді. Осындай жақсы жұмыстар жасауға болады. Бірақ барлық жерде бірдей емес. Көп жерлерде үкімет қаржысын жеп жатқан сыбайлас жемқорлық. Тіпті, сыбайлас жемқорлық түгелдей көші-қонның айналасын қамтыған. Және де Сыртқы елшіліктер туралы арыз-шағым өте көп. Мәселен, Қытай мен Қазақстанның шекарасынан қытай азматтары кезексіз өтеді де, қазақтар қалып қояды. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің шекарашылар қытайдың азаматтарын 200 тенгеге кезексіз өткізетін, қазір 1000 тенге болар. Жасыратыны жоқ, көші-қон полициясының, құжат беретіндердің қанша алатынын барлығы жақсы біледі. Соңғы бес жылдан бері кеден саласында 100 ден астам адамның қылмыспен айналысқаны анықталған, бұл үлкен қылмыстың бір шеті ғана сияқты. «Егемен Қазақстан» газетінде үлкен мақала шықты, онда 400 мыңдай адам келді деп, өтірік есеп берген, оған бюджеттен оралмандарға беретін ақшаны шығарып алғандығы жайында жазылған. Яғни сол қытай, моңголиядағы оралмандардың төлқұжаттарының көшірмесін алып, бөлінген қаржыны шығарып алған ғой. Осы көші-конның басында отырған азаматтар елге жұмыс істейтін азаматтар емес. Сондықтан оларды түгел ауыстыру керек. Сонда ғана барлығы шешіледі.

Дайындаған Гүлнұр ДОСБОЛ