Тараздағы қанды қырғын. ІІД жоғары лауазымды қызметкері әріптестерін пышақтаған
2017 ж. 11 тамыз
2650
7
Таразда облыстық ішкі істер департаментінің ішімдікке сылқия тойып алған жоғары лауазымды қызметкері әріптестерін пышақтаған, — деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаевқа сілтеме жасаған Tengrinews.kz.
Қазір ол іздеуде жүр. Ведомство мәліметінше, оқиға 10-тамызда сағат түнгі екіде болған.
«Биылғы жылғы 10-тамызда түнгі уақытта спирттік ішімдік ішу кезінде полицияның бұрынғы қызметкері М.Ж.Жетпісбаев, Жамбыл облыстық ішік істер департаментінің басқарма басшылары М.И.Үмбетәлиев пен Е.О.Бектұрғанов қақтығысып, кейін қақтығыс төбелеске ұласқан.
Салдарынан, Үмбетәлиев М.Жетпісбаевқа пышақ салған, Бектұрғановқа пышақпен жарақат салған», — дейді министрліктің мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.
Айтуынша, осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99 және 24-баптары бойынша («Адам өлтіруге оқталу») соталды тергеу басталған.
«Қазіргі уақытта М.И.Үмбетәлиевті ұстауға бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр. Ал Е.О.Бектұрғанов уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, министрліктің ресми өкілі қазіргі таңда қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ, Жамбыл облысы ішкі істер департаменті басшылығын жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылып жатқанын айта кетті.