Экс-министр, Астананың бұрынғы әкімі Темірхан Досмұхамбетовтің үйіне ұры түсіп, үш миллион доллар мен 50 мың еуроны алып кеткен. Ал Досмұхамбетов болса тоналған үй өзінікі екенін мойындаудан бас тартып отыр деп хабарлайды baq.kz ақпарат агенттігі today.kz-ке сілтеме жасап.
Ұрылар бұрынғы Астана әкімінің үйіне түсіп, үш миллион долларын алып кетті
2017 ж. 10 тамыз
10313
13
Хабарға қарағанда ақшамен қатар Алматыдағы коттеджден 50 миллион теңгенің қол сағаттары да жоғалған.
Полиция мәліметінде қылмыстың түнде жасалғаны, тонаушылардың Daewoo Nexiа көлігімен келгені айтылған. Олар киім ілетін бөлмедегі металл сейфті бұзып, оның ішінде ақша мен қымбат заттарды алып шыққан. Осылайша ұрылар Досмұхамбетовке айтарлықтай мүліктік зиян келтірді делінген полиция құжатында.
Темірхан Досмұхамбетов әр жылдары Қазақстанның Туризм және спорт министрі, Астана әкімі болып қызмет етті. 2006 жылдан ол Қазақстан Республикасы Олимпиада комитетінің президенті.
Журналистің аталған оқиға туралы сұрағына қатысты ол жоғалған зат та, тоналған үй де өзінікі емес екенін айтқан.
"Коттежде бауырым тұрады. Долларлар оның Бурабайдағы базасын сатқаннан түскен ақша" деген экс-министр.
Күдіктілердің бірі ұсталған. Ол Алматы облысының 37 жастағы тұрғыны болып шыққан. Алайда, оның тұратын жерін тінткен полицейлер жоғалған нәрселерді таппаған.
"Неге одан күдіктеніп отырғанын тергеушілер айтпай отыр. Істе куәгерлердің сөзі де, бейнежазба да жоқ" дейді күдіктінің адвокаты Әлімжан Оралбай.
Ол сонымен қатар көрсетілген сомада ақша жоғалғанына да сенбейді. Зардап шегушілер үйде миллиондаған доллар болғанын дәлелдесін дейді адвокат.