Астанада жаңа монумент пайда болады
2017 ж. 10 тамыз
2816
11
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Астанада «Қазақ еліне мың алғыс» монументі, «Бөзек»археологиялық қалашығы тарихи-мәдени мұралардың 20 ескерткіш картасы және Қазақстанның рухани мұраларын сақтап, дамытуға бағытталған өзге де жобалар пайда болады.
Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтің төрағалығымен өткен сараптама тобының отырысында«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланған отырыста белгілі болды. Шара жұмысына қалалық зиялы қауым, мемлекеттік орган, азаматтық қоғам институтының және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Басқосу аясында мәдениет, білім, тарих, өнер салалары секілді әртүрлі мекеме өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.
Олардың ішінде: Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі, кинорежиссер Талғат Теменов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, ғалым-археолог Данияр Тілеуғабылов, жастар саясаты мәлелері жөніндегі басқарма басшысы Асхат Оралов және тағы да басқалары бар.
Ермек Аманшаев елордалық қауымдастықтың Елбасы бағдарламаларын жүзеге асыруда әртүрлі өкілдердің бірігу маңыздылығын атап өтті. Сондықтан астана әкімдігі тарапынан жоспарлы жұмыстар жүргізілуде және нақты жобалар мен бағдарламалар анықталды. Олар елордада кезеңімен жүзеге асырылады.
- Мәдениет, өнер, рухани құндылықтар, әдебиет пен тарихты жаңғыртатын ерекше бағдарлама екенін атап өткім келеді. Сондықтан қазіргі уақытта біз осы бағдарламаны жүзеге асыруда бірлігімізді танытуымыз керек. Өйткені бұл құндылықтарсыз біз 2030 және 2050 жылдарға қойған мақсаттарымызға жетпейміз. Мен болашақ буын үшін мәдениеттілік, адамгершілік және рухани мұралар туралы мәселе көтеремін. Егер өткен ғасырдың 30 жылдарындағы Голливудты еске алатын болсақ, біз Американы тек киноөнер ғана көтере алғанын көреміз. Қазіргі кезде дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, біз тек экономикаға, ауыл шаруашылығына және өзге де салаларға ғана арқа сүйемеуіміз керек, сонымен қатар мәдениетке, өнерге, рухани құндылықтарға ерекше мән бергеніміз абзал, - деді Талғат Теменов.
Астанадағы корей қоғамының өкілі Александр Ким елордада «Қазақ еліне мың алғыс» этно-мәдени монументінің тұрғызылуы туралы тілге тиек етті. Оның ойынша, бұл мәдени нысан қазақ халқына деген 24 этно-мәдени бірлестіктердің алғысы болады.
Шара соңында Ермек Аманшаев бүгінгі таңда елордада құрамында 60 кәсіпкер бар меценаттар клубы белсенді жұмыс жасап жатқанын айтты. Олар тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына тек материалдық және қайырымдылық көмек көрсетіп қана қоймай, «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған қала бастамасын қызу қолдайтынын жеткізді.