«Мектеп абыройын түсірді» деп айыпталған мұғалімнің соттағы кезекті жеңісі
2017 ж. 06 тамыз
2461
0
Шымкент қаласындағы 38 мектеп басшыларының осы мектеп мұғалимасы Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен «мектеп абыройын түсірді» деп берген арызы бойынша сот отырысы кеше Еңбекші аудандық сотында қайта жалғасты және онда сот жариялылығы тағы да бұзылды. Естеріңізде болса, өткен сот отырысында біз тарихта бірінші рет заңда жазылған, бірақ, қолымыз жете алмай келген жеңіске – әрбір сот отырысынан кейін сол отырысты түсірген аудио және бейнежазбаны соттың бізге беріп тұруына – қол жеткізген едік. Сол отырыста судья былай деген болатын: «Сот процесінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін сотқа қатысушы тараптарға аудиобейнежазба құрылғыларды алып келуге рұқсат. Тек, ол құрылғылардың... сертификаты болсын!»
Біз судьяның білмейтіндігін немесе біліп отырып «бүйректен сирақ шығарғысы» келген қисынсыз әрекетін әлеуметтік желіде талқыладық. Өйткені, ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінде (АПК), БАҚ туралы заңда ондай талап жоқ! Бар болуы да мүмкін емес, себебі сертификат дегеннің өзі әлгі құрылғылардың зауыттан жасалып шығарыларда өз міндетін дұрыс атқаратындығын, яғни, айтылған сөз бен қарап тұрған көзді айнытпай жазатынын және көрсететінін растайтын құжат. Сондықтан, судья Қ.Ізбасаров өзінің мүлт кеткенін түсінетінін, түсінген соң бүгінгі отырыста ешқандай сертификат көрсетуімізді талап ете алмайтынын білдік. Солай болып шықты да. Бірақ, біз бәрібір оның қойған бұл талабы жөнсіз екенін көрсетіп, Жоғарғы Сотқа шағым жібереміз.
Талапкерлер қорғаушысы кеше «әлеуметтік желі шулап жатыр, сотты жабық сот жағдайында өткізейік, аудио және бейне жазу болмасын» деп өтініш жасады. Судья оны қолдады. Өзінің қызметтік міндетін орындауға мүмкіндік берілмегеніне, құқығының шектелгеніне наразылық танытқан журналист Ұлықбек Үмбетов залдан шығып кетті. Ал, Азаматтық процессуалдық кодекстің 19-бабының 7-тармағына сәйкес аудиожазба жасауға судьяның рұқсатының қажеті жоқ! Мен шыдамай орнымнан тұрдым да, судьядан рұқсат сұрап, осыны айттым. Менің уәжімнен кейін судья 15 минут бұрын өзі қабылдаған шешімін өзгертті! Яғни, біздің қорғаушылар, заңгерлер мықты болса, табандылық көрсете алса, бұрыс шешімді өзгертуімізге бо-ла-ды! Солай бірте-бірте қоғамды өзгертуге болады! Бүгінгі сот – соның дәлелі. Мен осыны айтып әрбір сот отырысынан соң оны Гүлжанның өзінің, оның қорғаушыларының, басқа да жанкүйерлерінің, блогерлердің қатысуымен жасап жүрген талқылауымды («разбор полетов») бүгін тағы да өткіздім. «Біз бүгін мынадай жеңіске жеттік» дедім. Гүлжанның рухын көтеріп, оған дем беріп отыру үшін жасап жүрмін мен оны.
Судья басты сот отырысын «сотқа дейінгі мәселелерді», о.і. а)«бітімгершілікпен шешуді»; б)АПК 272-бабына сәйкес іске қатысы бар мәселелерге тергеу жүргізіп, анықтап алуды бітіріп барып бастауға тиіс еді. Ол бұл талаптардың бір де бірін орындамады, яғни, заңды бұзды! Мысалы, Г.Сәлімбаева осы іс бойынша Еңбекші аудандық Ішкі істер бөліміне, прокурорына бірнеше арыз берген. Өйткені, ол 17 күн ауруханаға жатып шыққан. Ауруханаға оны жұмыс орнынан «жедел жәрдем» алып барған! Бір емес екі рет! Екіншісінде стационарға жатқызған. Дәрігерлер оған «жүйкесі тозған» деген диагноз қойған. Ал, Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс уақтысы тұрмақ, жұмыстың алдында бір сағат, жұмыстан соң бір сағат ішінде адам ауырып қалса, ол «еңбек жарақаты» деп аталады! Одан бөлек Білім туралы заңның 51-бабына сәйкес мектеп директоры мұғалімдердің денсаулығына жауап береді!
Біз сот процесінің іс әділетті түрде шешілген соң ғана аяқталуы үшін – ал, сот тезірек бітіруге мүдделі деген күдігіміз бар, оны жоғарыда аталған жәйттер анық көрсетіп отыр – бар күш-жігерімізді салатын боламыз.
Жанас Әділбекұлы, заңгер
qazaquni.kz