Саясат Нұрбек: Қазір ауылды жерлерде адамдар айттамайды
2017 ж. 05 тамыз
3594
2
"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Саясат Нұрбек «QazTalks» ашық әңгіме алаңында қазіргі қоғамдағы құндылықтардың азайып бара жатқандығын айтты. Құндылықтарды зерттеген саясаттанушы әлеуметтік сауалнамаларды 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтында жұмыс істегенде бастаған. Сауалнамаға жастары 18-ден жоғары 1600-ден астам адам қатысқан. Олар қала мен ауыл тұрғындары.
- Былтыр ауылға бардым. Семей жаққа. Ораза айтпен қатар келген сапарымда, көзім жеткені ауыл адамдары біздің бала күніміздей айттамайтын болыпты. Айт мерекесінде көрші, күллі ауыл болып бір-бірінің үйіне айттайтын дәстүрге үйреніп қалғанбыз ғой. Себебін сұрасам, уақыт жоқ немесе ыңғайсыздық тудырғым келмеді дейді біраз ауыл тұрғыны, - деді С. Нұрбек.
Сонымен, нәтижесінде қазақстандықтардың 75% -ы денсаулықты басты құндылыққа шығарыпты. Бала мен жеке бас қауіпсіздігін ең үлкен құндылық деп санайтындар 44-54 % құраған. Қалған сатыларға адамның тұрмыстық қажеттіліктері сай келсе, отанға қызмет ету, патриоттық сезім және өзін-өзі дамыту сауалнамаға қатысқан кейбір адамдар үшін соңғы орынға ығыстырылған.
Спикер «QazTalks» ашық әңгіме алаңындағы сөзін қорытындылай келе, Джеймс Робинсон мен Дарон Аджемоглудың «Why Nations Fail» (Мемлекеттер неге күйрейді?) деген екі жыл бұрын шыққан кітабын оқуға кеңес берді. Құндылықтар туралы көп сұрақтың жауабын осы кітаптан табуға болатынын атап өтті.
qazaquni.kz